Еліміздің болашағы жастар болғандықтан, оларға бала кезінен ерекше көңіл бөлген абзал. Бойына сіңіп, кең қанат жайған таланты, отансүйгіштік, жылдармен жылжып жан-жақты қалыптасқан зор білімі бар бала – елімізді әлемге әйгілі етері анық. Одан өзге, «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөздердің астарында – жас ұрпақты бала кезінен дұрыс тәрбиелеу ел үшін, жер үшін маңызды рөлдердің бірі екендігі жайлы айтылған.

Бүгінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар беру – педагог үшін басты талап. Білім және рухани байлық тең жүргенде ғана біз мықты боламыз. Мен педагогика саласында қызмет атқарып келе жатқаныма биыл 23 болыпты. Үш жыл қатарынан Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектебінде директор қызметін атқарып келемін. Біздің мекемеде өлкетану сабақатары, туған жер, Мойынқұм жер жәннаты, тәрбие сағаттары, Абай, Әл Фараби жылының өтілуі, түрлі үйірмелер өткізуге көңіл бөлеміз.

Өз тәжірибеме жүгінетін болсам, қазіргі технология, интернет кең тараған заманда, балаларды көк қораптан(теледидар, ұялы телефон) алшақтату оңай іс емес. Мектеп қабырғасында 5-6 сағат болғанымен, қалған 18-19 сағатты өзге жерде өткізетін балаға бақылау қажет деп есептеймін.

Статистика келтірсек, ЮНЕСКО дерегі бойынша бүгінгі таңда 3-5 жас аралығындағы балалардың 93-% бір аптада 28 сағат, яғни бір күнде 4 сағатқа жуық телеэкран қарап өткізеді екен. Оған қоса, ұялы сымтетіктер бар. Яғни, біздің жастардың санасына кім не құйып жатқанына көбіне мән бермейміз. Экран жау сияқты – түрлі жарнамалар көрсетіп, пиғылы жаман бейне сюжеттерді бірінші тізімде ұсынып отырады.

Біріншіден, ақыры теледидар көреді екен, отандық телеарналардың көрермен назарына ұсынатын бағдарламаларды ретке келтірсек. Үлкендерге арналған кино, жарнамаларды сағат 22:00 ден кейін көрсетсе. Сондай-ақ, күндіз бала не көріп отырғанын қадағалаған абзал. Ұлттық маңызы зор, тарихымызды үйрететін, танымды бағдарламалар санын көбейткен абзал.

Екіншіден, телефон пайдалануына шектеу қою. Мәселен, қашықтықтан берген тапсырмаларды бірнеше сағат ішінде тәмамдаса, артық пайдалануға бермеген абзал. Көбірек, кітап оқуға насихат жасау қажет. Сонымен қатар, алаңда балалармен ойнату. Телефонға шектеу қою мүмкін емес десеңіз, Құрал-саймандарына кіріп, қандай контент көруге боларын белгілеп қойыңыз.

Мектеп қабырғасында бала тұлға болып қалыптасу жолында көп қасиетке үйренеді. Алдымен, коммуникацияға, яғни айналасындағы оқушылармен тілдесу, ойын еркін білдіру, сабақ айту арқылы. Мұғалімдер бала бойына қажетті ұлттық идеологияны құюы тиіс. Қажетті бағдар беруі керек. Баламен тығыз жұмыс жасасақ, тілдессек дер кезінде кез келген ауытқуды, кибер щабуылды анықтаймыз және төтеп бере аламыз.

Тұңғыш президентіміз Н. Назарбаев айтқандай, «Жастар – ел болашағы». Яғни бала бойын – рухани байытуға ат салысып, жан-жақты заманға сай білім беріп, кешегі тарих пен еліміздің ертеңі жайлы кең насихаттасақ, біздің балалар, жас ұрпақ – қазағымыздың мықты бет тұтар тұлғасына, ойын еркін білдіретін, сана сезімі мол азаматқа айналары шүбәсіз.

Омарова Айткүл Мырзағалиқызы

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы,

Әлтай Төлепбергенов атындағы

орта мектеп директоры