Димаш Құдайбергенов Света Айтбаеваның тұңғышы

Бүгінгі шоу-бизнестегі ата-анасының арқасында қолы аузына жеткен жұлдыздар кімдер? Жөн сұрасса туыс болып шығатын қазекемнің эстрадасын кімдер ет-жақындарымен «байытып» жүр? Жасыратын несі бар, әкесінің ізін басып, анасының арқасында аты аспандап, бауырының қолдауымен бағы жанғандар бізде де шаш-етектен. Солай болуы керек те шығар, өйткені біздің дана қазақ мұндайда алдыңғы арбаның қайда барса соңғысының сонда баратынын айтқан емес пе? Олай болса «жұлдыз» ата-ананалардың жұлдызды балаларын жіпке тізіп көрелік.

Ел ішінде Нұрғисаның аты аталса, Тілендиевті есіне алмайтындар кемде-кем шығар. Бір бойына күйшілік пен композиторлықты, дирижерлікті қатар сыйдырған кешегі Қазақ КСР мен КСРО-ның халық әртісінің қызы Динара Тілендиева да дирижер. Өзінің әкесінің атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқаратын ол жуырда желідегілерді жалаңаш жігітпен түскен суретімен бір шулатып еді. Инстаграмм қолданушылары оның есіне Тілендиевтің қызы екенін салса, енді бірі түсіністік танытып жатты.. Иә, байқағандарыңыздай атақты әкенің қызы болған бармақтай бақтың артында таудай талап бары анық.

«Қуыршағым менің» деп ән салған Ұлықпанның Фаридасы да лезде бойжетті. Күні бүгінге дейін қазақ эстрадасының ауылынан алыстамай жүрген ұяң қыздың ағасы Болат Жолдасов та өнерден құралақан емес. Талай-талай әншінің тәуекеліне жел қайық бола білген Ұлықпан ұл-қызының ғана емес, эстрададағы біраз әншінің әнін жазып беріп, бағын еселеп жүргендердің бірі емес пе?! Өнер өлкесінде өрісі кеңейген әнші-әке, балаларының өнерге келуіне бала күнінен бері барынша қолдау білдіріп бағуда. Бұл тізімді осыдан он бес жыл бұрын эстрададағы етене таныс есімге айналған Зарина Омаровамен толықтыруға болады. Сыңғырлаған даусымен елдің назарын аудара білген өрімдей қыз отбасылы болған соң сахнаға шығуын сирете бастады. Ал «золотой-золотой-мен» біразды билетіп, біраздың жүрегін қайта қозғағанн Ділназ Ахмадиева да Қазақстанның халық әртісі Мұрат Ахмадиевтың қызы. Белгілі опера әншісі Ермек Серкебаевтың ұлы «А-Студионың» әншісі Байғали Серкебаев та әке жолын жалғаған жігіттердің бірі. Ал цирк өнерімен өздеріңізге таныс Мұрат Мұтырғанов та әкесі Кәрім Мұтұрғановтың ізбасары.

Ана көрген тон пішпейді, ән салады, әртіс болады, әйтеуір сахнаның сыртында емізіп, күні-түні елдің игілігіне қызмет қылып жүрген өнерлі аналардан өнерлі ұл-қыз тумайды дегенге кім сенеді?! Бүгінде қазақ сахнасының шаңын шығара билеп, ән салып жүрген Әли де Роза Рымбаеваның ұлы. Қазақ киноларына басты рөлдерді сомдап жүрген Қарлығаш Мұхаммеджанова болса, қазақ операсының белгілі әншісі Нұржамал Үсенбаеваның қызы.

Ал «Славян базарында» «Дадидау-мен» дара жол сала берген Димаш Құдайбергенов те Света Айтбаеваның тұңғышы. Өнерде жүрген Айтбаевтар отбасы да ұлдарының өнерге келуіне түсіністікпен қарай білгендердің қатарынан. Ерболат Құдайбергенов. Ол да бүгінде Құдайбергеновтердің ғана емес, қазақтың маңдайына құдай берген ұл боп тұр. «Superstar.kz-те» супер әділқазы болған Нағима Есқалиеваның ұлы Диас Аблаев та анасының қарсылығына қарамастан осынау жаны бір жандар жиылған желкенді қайыққа жайғасқан. Бұл тізімді соза түссек Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз да актриса. Бүгінгі таңда Жүргеновтың студенті атанып жүрген шашы ұзын қыздың бойынан қазақылықты көбіреу аңғаратын жұртшылық келешекте оны тың туындылардан тамашалайтынына да сенімді. Ал «Мамамиямен» елдің есінде қалған Бақытбектің Айсәулесі Баян Есентаеваның тұңғышы. Оқта-текте журналистиканың «көшесінен» жылт ете қалатын бойжеткеннің жетістігін анасымен байланыстыратындар көп-ақ.

Айтпақшы, бүгінде эстраданың шоқ-шоқ жұлдызына айналып, «Ассалаумағалейкум» деп әнмен амандасып, «Қимай тұрмын» деп әнмен қоштасатын Төреғалиды да қазақ сахнасына өз әкесі жетектеп әкелген. Бес жыл бұрын «Әке мен бала» деп әуелетіп ән салған Төреәли Төлеповтың ұлының шырағы жанды, ұстаздан шәкірт озды.

Бүгінгі жанкүйерлер арасында Қайрат десе ішкен асын жерге қоятындар көп. Қайрат та бала күнінен бері анасының арқасында байқаудан-байқауға қатысып, бүгінге жеткен жұлдызды балалардың бірі. Әйтсе де әкесінің арқасында танылғандардың қатарында жоқ жігіттің әкесі Нұртас Айдарбековтың әнші екенін ел ерке ұлының арқасында біле бастағандай.

Айтқандай, бауырын жетектеп, бағын жаққандардың арасында Алтынай Жорабаева мен Талғат Жорабаев, Роза Әлқожа мен Әбдіжаппар Әлқожа бар. Иә, әпкесі жақсының ән әлемінде ойып тұрып алатын орны бар-ақ. Бұл көшке жуырда ғана інісін алып сахнаға алып шыққан Бүркітті де ендігі қоса беруге болатын шығар…

Кім не десе де, Құдай көп көрмесін… Қазақ сахнасы күн сайын осындай алысты-жақынды жүлдыздармен толысып келеді. Ал біздегі ниет, бар болғаны, қазақтың киелі сахнасын кімкөрінген емес, аста-төк таланты барлар қаптаса деген ниет қана. Әйтпесе «Әр қазақ менің жалғызым» деген Абай қазақ біткеннің бәрі де ет-жақынымыз екенін бір-ақ сөйлеммен ұқтырып кеткен емес пе?!…

Шолпан ТҰРБЕК,
тілші