Қожбанова Хадиша Нартайқызы — мектеп директоры, тарих пәнінің мұғалімі, Еуразиялық педагогтер одағының мүшесі. Білім саласында 37 жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы ұстаздықты мамандық қана емес, ұлт болашағына қызмет етудің үлкен жауапкершілігі деп түсінеді. 

— Хадиша Нартайқызы, кәсіби жолыңыз туралы айтып өтсеңіз. Педагогикалық қызметіңіздегі басты мақтанышыңыз?

— Білім саласында 37 жылдан бері еңбек етіп келемін. Негізгі мамандығым тарих пәнінің мұғалімі. 2019 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқарамын.

Ұстаздың жетістігін тек алған марапаттары немесе атқарған қызметімен өлшеуге болмайды деп ойлаймын. Мен үшін ең үлкен жетістік шәкірттерімнің нәтижесі. Оқушыларымның арасында республикалық және облыстық олимпиадаларда жүлделі орын алғандар көп. Олардың әрбір жеңісі — ұзақ ізденістің, жүйелі еңбектің және мұғалім мен оқушы арасындағы өзара сенімнің жемісі. Дегенмен менің ең үлкен мақтанышым — мектеп бітіргеннен кейін де хабарласып: «Ұстаз, сіз үйреткен сабақ әлі есімде», — дейтін шәкірттерім. Осындай сөздерді естігенде еңбегіңнің зая кетпегенін, бала өмірінде із қалдыра алғаныңды түсінесің. Ұстаз үшін бұдан артық баға жоқ сынды.

— Мұғалім мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Бүгінде сізге не шабыт береді?

— Мен бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Бұл таңдауыма өз ұстазымның маған көрсеткен сенімі ерекше әсер етті. Кейде баланың тағдырын өзгерту үшін ұзақ ақыл айтудың қажеті жоқ. Мұғалімнің дер кезінде білдірген сенімі, жылы сөзі немесе қарапайым қолдауы оның болашағына бағыт бере алады. Ұстазымнан сезінген сол сенімді мен де өз оқушыларыма сыйлағым келді. Әр баланың бойында әлі толық ашылмаған мүмкіндік бар. Мұғалімнің міндеті баланы өзгелермен салыстыру емес, оның өз қабілетін тануына көмектесу. Ал бүгінде маған оқушының көзіндегі қызығушылық пен білімге деген ұмтылыс шабыт береді. Сабақ үстінде баланың: «Мұғалім, түсіндім!» — деген бір ауыз сөзі бүкіл еңбегіңе қуат береді. Осындай сәттер ұстазды қайта ізденуге, жаңа әдіс үйренуге және әр сабағын бұрынғыдан да мазмұнды өткізуге жетелейді.

— Тарих сабағында қандай әдістерді тиімді деп санайсыз? Қазіргі оқушыны сабаққа қалай қызықтыруға болады?

— Мен оқушыға ақпаратты жай ғана жаттатудан гөрі, ойлауды үйреткенді маңызды санаймын. Тарих даталар мен есімдердің жиынтығы емес. Ол қоғамның даму заңдылықтарын, тарихи оқиғалардың себептері мен салдарын түсіндіретін, адамды саналы қорытынды жасауға баулитын пән. Сондықтан сабақ барысында кластер, эссе, пікірталас және зерттеуге негізделген тапсырмаларды жиі қолданамын. Оқушы дайын жауапты қайталап қана қоймай, деректерді салыстырып, өз ойын дәлелдеп, жеке қорытынды шығара білуі керек. Сонда ғана білім оның санасында тұрақтайды.

Қазіргі балалар цифрлық ортада өсіп келеді. Сол себепті Kahoot, Canva, LearningApps секілді платформаларды да орынды пайдалануға тырысамын. Бірақ технология сабақтың негізгі мақсатына айналмауы керек. Ол мазмұнды түсінікті әрі қызықты жеткізетін құрал ғана.

Меніңше, ең нәтижелі сабақ баланың өзі оқу үдерісінің басты кейіпкеріне айналған сабақ. Оқушы сұрақ қойып, ізденіп, талдап, өз пікірін еркін жеткізген кезде оның білімге деген шынайы қызығушылығы қалыптасады.

— Мектеп директоры ретінде білім беру ісіндегі ең маңызды мәселелерді қалай айқындайсыз?

— Мен үшін ел дамуының өзегі — адам капиталы. Ал адам капиталының іргетасы мектепте қаланады. Бүгінгі мектеп қандай болса, ертеңгі қоғам да сондай болады. Сондықтан мектепті басқару бір ұйымның жұмысын үйлестірумен қатар елдің ертеңіне жауап беру.

Басшы ретінде сапалы білімге, ұстаз мәртебесіне, баланың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына, сондай-ақ ата-анамен берік байланыс орнатуға ерекше мән беремін. Бұл бағыттардың бірін екіншісінен бөліп қарауға болмайды. Бала өзін қауіпсіз сезінбесе, толыққанды білім ала алмайды. Мұғалімнің еңбегі бағаланбаса, білім сапасы тұрақты болмайды. Ал мектеп пен ата-ана арасында түсіністік болмаса, тәрбиедегі ортақ мақсатқа жету қиын.

Мектепті дамыту үшін басшының жеке шешімі жеткіліксіз. Ұжымда өзара сенім, кәсіби қолдау және ортақ жауапкершілік болуы қажет. Әр мұғалім өзін мектеп дамуының маңызды бөлігі ретінде сезінгенде ғана шынайы өзгеріс басталады.

— Педагогикалық жолын жаңадан бастаған жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз? 

— Біріншіден, балаларды шын жүректен жақсы көру керек. Бала жасандылықты бірден сезеді. Мұғалімнің сөзі мен ісі үйлескенде ғана оқушы оған сенеді.

Екіншіден, «Мен бәрін білемін» деп ойламау қажет. Ұстаздық үздіксіз ізденуді талап ететін мамандық. Біз оқушыларға білім береміз, бірақ өзіміз де күн сайын олардан үйренеміз. Кейде баланың бір сұрағы мұғалімді жаңа тақырыпты терең зерттеуге жетелейді.

Үшіншіден, қиындықпен жалғыз қалмау керек. Әріптестерден кеңес сұрау әлсіздік емес, кәсіби мәдениеттің белгісі. Ұстаздық – бірлескен еңбек. Тәжірибе алмасып, бір-бірімізді қолдаған кезде ғана білім беру ортасы дамиды.

Жас педагог өзіне бірден тым жоғары талап қойып, алғашқы қиындықтардан қорықпауы керек. Жақсы ұстаз бір күнде қалыптаспайды. Ол тәжірибемен, ізденіспен және әр баланың жүрегіне жол табуға деген талпыныспен өседі.

— Қандай мектепті армандайсыз? Алдағы кәсіби мақсатыңыз қандай?

— Мен әр бала қабілетіне қарай қанат қаға алатын мектепті армандаймын. Баланың жетістігі тек бағамен өлшенбейтін, оның қызығушылығы, талпынысы мен даралығы ескерілетін мектеп болғанын қалаймын. Бұған қоса ұстаз уақытын қағаз толтыруға емес, балаға арнайтын білім ортасын көргім келеді. Мұғалімнің негізгі міндеті  оқыту, тәрбиелеу, бағыт беру және баланың дамуына жағдай жасау. Ұстазға осы міндетін сапалы атқаруға мүмкіндік берілуі тиіс.

Алдағы мақсатым жинақтаған тәжірибемді жүйелеп, авторлық курс әзірлеу. Өзім қолданып жүрген тиімді әдістерді әріптестеріммен бөлісіп, әсіресе жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсеткім келеді. Сондай-ақ халықаралық жобаларға қатысып, шәкірттерімді Global Forum алаңына алып шығуды мақсат етіп отырмын. Балалардың халықаралық ортада өз білімін көрсетіп, жаңа тәжірибе жинақтағанын қалаймын.

— Сіз үшін Еуразиялық педагогтер одағы қандай маңызға ие? Халықаралық кәсіби ортада қалай дамуды жоспарлайсыз?

— Бұл ұйымдар мен жобалар мен үшін үлкен кәсіби отбасы мен жаңа мүмкіндіктер кеңістігін білдіреді. Еуразиялық педагогтер одағы — педагогтердің тәжірибе алмасуына, бір-біріне қолдау көрсетуіне және ортақ бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта. Қазіргі ұстаз өз мектебінің немесе өңірінің шеңберінде ғана қалып қоймауы керек. Әртүрлі елдердегі әріптестермен байланыс орнату адамның кәсіби көзқарасын кеңейтіп, жаңа идеяларға жол ашады.

QAZSAQ пен WSMA жобалары біліктілікті арттыруға, заманауи технологияларды меңгеруге және халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік береді. Ал Global Forum ұстаздың тәжірибесі мен үнін әлемдік деңгейде таныта алатын алаң деп ойлаймын.

Мен үшін ең құндысы — бір-бірімізден үйрену. Білім беру саласы үнемі өзгеріп отырады, сондықтан педагог те дамуын тоқтатпауы керек. Алдағы уақытта Еуразиялық педагогтер одағының елшісі ретінде өз өңірімдегі жас мамандарды қауымдастыққа тартып, олармен бірге мазмұнды жобалар жүзеге асырғым келеді.

Менің ойымша, қай жерде қызмет етсек те, бәрімізді біріктіретін бір міндет бар: ол — елдің болашағына жауапкершілікпен қарау. Себебі мектепке келген әр бала жеке отбасының ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағы деп білемін.

— Қызықты сұқбатыңызға рақмет!