Кең далада көсіліп шабатын, қыранның қанаты талатын байтақ жеріміз мәдениет пен өнер кеніші. Адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі жүріп, тұруының барлығы тасқа қашалып, қанмен бойымызға тараған қасиетті салт-дәстүрімізге толы. Бүгінгі күннің бұлыңғыр көрінісі бетін жапқан, ұлттық ойынымыз күн санап құрдымға кетіп жатқаны кімді болмасын толғандырары анық.

Қамшы өріп, арқан есе білмеген ХХІ ғасыр жастарының көбі ат ерттеп бәйге шабады десе тап бір ертегі іспеттес елестейді маған. Таңның атысы, кештің батысы асық атып, қызыл сақасын иіріп лақтырғанда алшысынан түсіретін қырағы көзді жастарымыз төзімділік пен шыдамдылыққа шыңдайтын дойбы мен тоғыз құмалаққа құмартып өсті емес пе бір кездері. Ләңгі теуіп, бес тас ойнап, санасына алғырлықты ұялатып, келешектің кемесіне мініп, өмір ағысына ілесіп кете беретін. Қолына домбыра алып, кешкі салқынмен алтыбақан тепкен жасөспірімдер жұмбақ жасырып, мақал-мәтелден жарысып, білімділік пен тапқырлықтың озық үлгісін көрсете білді. Жиын тойдың сәнін келтірер “селт еткізер”, “ақ сүйек” ойындары жас буынның сезімін күшейтіп, маxаббатқа деген адалдықты айқындайтын өнегелі жайт болды. Жылқының ең жүйрігін ерттеп мініп, арудың алма бетінен сүю арманға айналған шақтағы “қыз қуу” ойынында жеңілген жігіттің қамшы жеп, ұяттан қызара бөртетін қызығы мол. Серкені тақымға қысып алып, жігіт пен сәйгүліктің мықтылығы сыналар “көкпар”, шаң қаптырар жүйріктердің жарысы “бәйге” де бұл тізімді толықтырады. Екі топқа бөлініп білек күші салынатын “арқан тартыс” пен “қол күрес”, жамбасқа алып ұрар “қазақ күресі”, “аударыспақ” сынды ұлттық ойындар дала мәдениетінің бірден-бір көрінісі еді. Ал, қазіргі қоғам болса жас демей, кәрі демей барлығын қалта телефонға телміртіп, шет елдің мәдениетіне үндейтін ойындарға аңсарын аударып қойған. “Заманың түлкі болса, тазы болып шал” демекші ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа жеткізу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып барлығымыз бірдей күресуіміз керек. Бұл жерде тізгін ұстаған азаматтар мен теxнологияның құлағында ойнайтын мамандар бірігіп, ұлттық ойынды дәріптейтін бағдарламаларды ойлап тапса және оны кеңінен насиxаттау үшін қалта телефонның жүйесіне енгізсе әрбір қазақ балдырғаны оған құмартып, санасы жаңаша жанданбауына кім кепіл. Мысалы, шаxмат, шашки, ойындары сияқты дойбы, тоғыз құмалақты ұялы телефонға жүктеп алып ойнауға мүмкіндік болса қандай жақсы!. Ерте ме, кеш пе бәрібір түбінде осындай жаңалыққа бет бұрарымыз ақиқат, өйткені бұл заман сұранысы, уақыт талабы.

Дәл осындай жаһандану дәуірі етек алып тұрған шақта ұлттық ойындарымызды ұлықтауды электронды-технологияның бір тармағы осы ұялы байланыс арқылы насихаттасақ, ұрпақ санасына сіңірудің бірден бір жолы болар-ақ еді.

Мәулен Әнербай,
«Жетісу»