Аймұхаметов Қосман Қайыртайұлы

1963 жылы тамыз айының 29-ы күні Целиноград облысы, Ерментау ауданы, Бестөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1983 жылы Целиноград облысы, Селетин ауданы «Изобиль» совхозы 2-бөлімшесінің жұмысшысы болып бастаған. Ал, 1983-2019 жылдары Целиноград облысы, Бестөбе АТК жабдықтау бойынша инженері, Ақмола облыстық мемлекеттік пошта байланысы қызметі Автобаза байланысының директоры, пошта тасымалдау бойынша арнайы автокөлік кәсіпорнының бастығы, «Қазпошта» ашық акционерлік қоғамы «Астана поштамт» Астана қаласы филиалының бастығы, Астана қаласы «Горкоммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасары, кейіннен директоры, «Астана Горкоммунхоз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «Кредит Құрылыс НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс директорының орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, содан соң бірінші орынбасары, Ақмола облысының әкімі, ҚР Аумақтық даму Вице – Министрі, ҚР Ұлттық министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің және жер ресурстары басқармасының төрағасы, Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет еткен. 2019 жылдың ақпан айынан бастап Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен шаһардың қалыптасатын жаңа келбетіне тоқталып өтсеңіз?

Түркілердің төл мекені – Түркістан екендігі әлемге белгілі. Ұлы дала руханиятының қазығы әрі алтын бесігі болып саналады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2018 жылдың 19 маусымында арнайы Жарлық қабылдап Түркістан қаласын облыс орталығы етіп жариялады. Осыған орай жаңадан салынып жатқан нысандарға зер салсаңыз: «Ұлы дала елі орталығы», Қ.А.Яссуи музейі, Туристік бағыттағы колледж, Шығыс моншасы, Конгресс-Холл, Аттракционды қалалық саябақ, Әкімшілік ғимараты, 7000 орындық стадион, Музыкалды фонтан, Музыкалық мектеп, Басқармалар ғимараты, Оқушылар сарайы, Медиа орталық, Бассейнді спорт сарайы, Астана саябағы, Амфитеатрдың құрылыс жұмыстары бастау алды. Шығыс үлгісінде бой көтеретін нысандардан шаһардың қай тұсынан болсын қашықтықтан қарасаңыз да, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі менмұндалып көрініп тұратын болады.

Түркістан шаһарына облыс орталығы статусын берудегі түпкі мақсаты мен маңыздылығы неде? Рухани орданың жоғары деңгейдегі қала болуына атсалысып жүрген тұлғалардың бірі ретінде ойыңызды білдірсеңіз.

Айтып өткендей, Түркістан – Қазақстанның көне қалаларының бірі.  Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Білесіздер, Қазақстанның ежелгі астанасы –  халқымыздың рухани орталығы ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады. Бұған қоса Елбасымыз: «Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да аса маңызды – деп, атап көрсеткен. Түркістан облысын құру, оның әкімшілік орталығына Түркістан қаласын бекіту арқылы күллі әлемге бүкіл түркі дүниесінің қара шаңырағы қайда екенін көрсетеді. Осы тарихи шешім Түркістанның облыс орталығы ретінде де, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде де, әлеуметтік-экономикалық дамуына да қуатты серпін беретіндігі анық.

Бүгінде қандай ірі жобалар қолға алынуда? Атқарылуы тиіс істерді тізбектеп өтсеңіз.

Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан қаламызда ірі 28 нысанның құрылысын 2 аймақта жүргізудеміз. Яғни, бірінші аймақ – Түркістан қаласының жаңа «Әкімшілік іскерлік орталығы», ал екінші аймақ – Түркістан қаласының тарихи «Рухани мәдени орталық» аймағы.

Бүгінгі таңда «Әкімшілік – іскерлік орталықта» 16 нысанның құрылыс жұмыстары атқарылуда.

– Облыс әкімдігінің ғимараты (BI Group);

– Басқармалар ғимараты (BI Group);

– Департаменттер ғимараты (BI Group);

– Конгресс орталығы (Самұрық-Қазына);

– Медиа-орталығы (Алматы қаласы);

– Нұр-Сұлтаналаңы(Астана қаласы);

– Оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына);

– Стадион (Самұрық-Қазына);

– Музыкалық мектебі (Батыс Қазақстан облысы);

Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы);

-Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы);

– Цифрлық кеңсе (Самұрық-Қазына);

– Қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды);

– Бассейні бар спорт кешені;

– Туризм бағытындағы колледж;

– Смарт сити байланыс желілері.

Осы жобалардың 7 нысанын ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Олар:

– Облыс әкімдігінің ғимараты;

– Медиа-орталығы;

– Нұр-Сұлтан алаңы;

– Қалалық саябақ;

– Музыкалық мектебі;

– Халыққа қызмет көрсету орталығы;

– Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі.

Сонымен бірге, бульвар алаңын салу жұмыстары жүргізілуде.

Ал, «Рухани-мәдени орталықта» 10 нысанның құрылыс жұмыстары атқарылуда.

– Амфитеатр (Маңғыстау облысы);

– Музыкалық су бұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы);

– Шығысмоншасы(Қызылордаоблысы);

– Некесарайы(Қостанайоблысы);

– Ұлы дала елі орталығы (BI Group, Атырау облысы);

– Драма театры (АқтөбежәнеТүркістаноблысы);

– Қабылдау орталығы (Жамбыл облысы);

– Қ.А.Яссауимұражайы(СамұрықҚазына);

– Әмбебап кітапхана (Шымкент қаласы);

-«Ұлы Жібек жолы» қолөнер шеберлер орталығы (Түркістан облысы).

2019 жылы 5 нысан пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтар болсақ:

– Амфитеатр;

– Музыкалық су бұрқақ;

– Шығыс моншасы;

– Қабылдау орталығы;

– Неке сарайы;

Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент саябағы мен Назарбаев даңғылындағы (Арбат) құрылыстары қарқынды жүргізілуде.

Тұрғын үй құрылысы бойынша 2019 жылы Түркістан қаласы үшін қаржыландырудың барлық көздері арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 166,9 мың ш.м. болып белгіленген. 2019 жылы қантар-шілде айының қорытындысымен 86,8 мың ш.м. тұрғын үй (930 пәтер) пайдалануға берілді, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 152,2% ұлғайды. Қазіргі таңда, әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 4533 пәтер, 266,5 мың шаршы метрді құрайтын 91 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда:

– Арендалық 660 пәтерлі 45,8 мың шаршы метрді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілді. Оның 10 тұрғын үйі (600 пәтер, 41,7 мың ш.м) құрылысы аяқталды. Халыққа беруге дайын. Ал, 1 тұрғын үй (60 пәтер, 4,1 мың ш.м) үстіміздегі айда (қыркүйек) пайдалануға беріледі;

– «ӘКК Түркістан» АҚ арқылы құрылысы жүргізіліп жатқан  6 үйдің құрылысы аяқталып, мемлекеттік қабылдаудан өтті. (336 пәтер, 18,6 мың ш.м.)

– 9 арендалық тұрғын үй (540 пәтер, 36,9 мың ш.м.) желтоқсан айында пайдалануға беріледі;

Сонымен қатар, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің (39,3 мың ш.м,  672 пәтер) құрылысы басталды. Бұдан бөлек, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында орналасқан 10 үйдің құрылысы басталды (53 мың ш.м,  960 пәтер). Қосымша айтатын мәселе, әкімшілік іскерлік орталықта №9, №11, №32 көшелердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жылы тапсырылатын нысандарға ауыз су, кәріз жүйесі тарту жұмыстары жүргізілуде.

– Отырар қосалқы станциясынан әкімшілік іскерлік орталығына электр кабельдері тартылып, 1 кезектегі тапсырылатын нысандарға электр жүйесін және газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Арыстағы жағдай күллі жұрттың көңілін құлазытты… Бүгінде арыстықтарға өкімет тарапынан қандай қолдау жасалуда? Қандай жобалар жұмыс жасалып жатыр?

Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қаланы 17 секторға бөліп, әрбір секторга республикалық маңызы бар қала мен облыстарды бекітілді. Оған қоса, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес, осы 17 секторға облысымыздың аудан, қала әкімдері қосымша бекітілді. Жалпы Арыс қаласында 8637 тұрғын үй нысандары, оның ішінде 8534 жеке тұрғын үй, 103 көпқабтты тұрғын үйлер тіркелген. Жөндеуді қажет ететіні 7162 үй, оның ішінде, 7062 жеке, 100 көпқабатты тұрғын үй. Бұзуды қажет ететіні  472 тұрғын үй, оның ішінде, 469 жеке, 3 көпқабатты тұрғын үй. Бүгінгі таңда, 7248 жеке тұрғын үй мен 100 көпқабатты тұрғын үй қалпына келтірілген. Қалпына келтіру жұмыстарын 186 құрылыс компаниялары, 6794 жұмысшы және 291 техника құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге, қираған және бүлінген тұрғын үйлердің жалпы құны 37 млрд теңгені құрайды. Қазастан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 18,5 млрд. теңге бөлінді. Ал, қалған 18,5 млрд теңге қаржыны қалалар мен облыстардың бюджетінен бөлінуі жоспарланған. 68 әлеуметтік нысан жөндеуді қажет ететін болса, оның ішінде 4 жана құрылыс, 64 қалпына келтіру жұмыстары.

– білім беру нысандары – 53 (мектеп – 16, балабақша – 6, жеке балабақшалар – 29, колледж – 2).

– денсаулық сақтау – 8 (аурухана – 1, емхана – 2, дәрігерлік амбулатория -2, бөлім – 1, бөлімше – 2).

– спорт нысандары – 4 (спорт мектебі – 3, стадион – 1).

– қоғамдық орындар – 3

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйек айында 59 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. (о.і: білім –  50, денсаулық – 5, спорт – 3, қоғамдық – 1) Қалған 9 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалпына келтіру жұмыстарына: 29 – құрылыс компаниялары, 419 – жұмысшылар, 25 – арнайы техникалар тартылды. Автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 62 көшенің бүгінгі таңда  37 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 25 көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Аталған көшелерді жөндеу жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталатын болады.

Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету үшін «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынын «Қамқор» бағдарламасы бойынша 1% пайыздық жеңілдетілген сыйақысымен 48 айға 5 млн.-ға дейін кепілсіз несие қарастырылған. «Ырыс» микроқаржы ұйымының қызметкерлерімен жүргізілген сауалнаманың нәтижелері бойынша зардап шеккен кәсіпкерлердің 368-і несие алуға ниет білдіріп, 51-і несие алудан бас тартты. Алдын ала есептеу бойынша 368 несие алушыға кредит беру үшін қажетті сома жалпы есеппен 1,8 млрд. теңгені (кредиттің ең жоғары сомасы 5 млн. теңге есебімен)және орташа есеппен 1,3 млрд. теңге құрап отыр (кредиттің орташа сомасы 3,5 млн. теңге есебімен). Бүгінгі таңда, жеңілдетілген несие алу үшін 495 млн. теңгені құрайтын 99 кәсіпкер қажетті құжаттарын тапсырды. Оның ішінде қазіргі уақытта 200,0 млн. теңге құрайтын 64 кәсіпкердің жобасы мақұлданды.

Арыс қаласының әрбір тұрғынына 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккен мекенжайы расталған 57577 тұрғына (63175 тұрғыннан өтініш қабылданған) 5 млрд. 757 млн.теңге  өтемақы төленді. Жалпы өтініші қабылданған 63175 тұрғынның                        7806 тұрғынының мекенжайларын қосымша анықтау жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік көмек көрсету бойынша, 2019 жылдың 1 шілдемен 2 қыркүйек аралығында Арыс қалалық жұмыспен қамту орталығына жергілікті 1498 тұрғын жұмыс сұрап жүгінген. Жүгінген азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 1484-не «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіңде жұмыспен қамту шаралары көрсетілген.

«Жастар жылында» еліміздің жалынды жастарына берер ақыл-кеңесіңіз, тілегіңіз?

Жастар – қай кезеңде де, қоғамның қозғаушы күші болып саналады. Елбасымыздың арнайы бір жылды белгілеп, оны «Жастар жылы» деп атауы осының бұлтартпас айғағы. Қазіргі уақытта білім алып, қоғам игілігіне қызмет етер мамандықтың иесі атанамын деген жастар үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, жас кәсіпкерлер мен өнертапқыштарға, спорт пен өнерге қабілеті бар жастарға көрсетілер қолдау ерекше. Тіпті, шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға да, мүмкіншіліктер қарастырылған. Тек, мүмкіндікті тиімді пайдалана алу керек. Әрбір жастың бойында ең бастысы патриоттық сана-сезім, жігер, құлшыныс, өз ісіне деген қызығушылық болса жеткілікті. Сонда ғана сүйікті ісіңнің білікті маманы, жаңаша даму бағытына бет алған Қазақстанның келешегін кемелді етер алып күшке айналары даусыз.

Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?

Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы ширек ғасырдан астам ғана уақыт өтті. Осы уақыт аралығында мемлекетіміз алдыңғы саптағы алпауыт елдер қатарынан орын алды. Шекарасын сызып, рәміздерін белгілеп, Ата Заңын қабылдап, әлем көз тіккен айбарлы елге айналды. Аумалы-төкпелі уақытта төрткүл дүниені тамсандырып, Астанасын салды, Түркі жұртының тұмарына айналған тарихи отаны Түркістанға ерекше мәртебе беріп, оның даму бағытын айқындады. Осы секілді мақтанышпен айтар жүйелі жұмыстар жеткілікті. Аз ғана уақыт аралығында ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жеткен мемлекетіміздің келешегі бұдан да жарқын боларына сенімім мол. Елбасының кемеңгерлікпен ұстанған саяси ұстанымын жүйелі жалғастырып, қоғамдағы ашықтықты қалыптастырып келе жатқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік қуаты арта береріне кәміл сенемін.

 

Сұхбаттасқан

«Қазақстан келбеті» журналының

бас редакторы

МЕДИНА РЕЙ