Мұғалім болу баршаның қолынан келе бермейді. Ол жауапкершілік, шыдамдылық, білім деңгейін қашан да жаңартып отыру, ізденіс талап етеді.

Ұстаздық жолды таңдаған келесі тұлға – Бимурзаева Айкерім Маханбетқызы.

«Керемет» бастауыш мектеп-балабақша кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі пəні мұғалімі, ҚР «Үздік педагогтер академиясының» мүшесі, «Үздік орынбасар – 2021», «ҚР Тəуелсіздігіне 30 жыл», «Үздік педагог» төсбелгілерінің иегері, «Астана көшелері», «Қазақ өнерінің антологиясы. Шешендік өнер» кітаптарының құрастырушысы, бірнеше əдістемелік құралдардың авторы.

«Бір қызығы, болашақта білім саласында жүремін деп ойламаппын. Бала кезімнен білім саласына жоламаймын, мұғалім болмаймын деп ойлайтынмын. Себебі кішкентай кезімнен бастап сүйікті əпкелерімнің барлығы түні бойы дəптер тексеріп қиналып отырғанын көретінмін. Олар əлі күнге дейін мұғалім. Уақыт өте келе ойым өзгерді, өмірде болып жатқан дүниелер адам құбылысын өзгертеді екен» – дейді Айкерім ханым.

Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» – деген өсиетінің өзектілігі күннен – күнге өсе түсуде. Президентіміздің білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны – мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы да осының айғағы болар. Осыған орай қазіргі кезде жалпы білім беру саласында жүргізілген реформаларды қолдауда үлкен қадамдар жасалып жатыр. Білім беру саласында ең озық əлемдік тəжірибе мен педагогикалық практиканы пайдалану арқылы уақыт талабына сай мен де білім саласына келдім. Бастапқы кезде оңай болмады? Бұл таңдауым дұрыс па, бұрыс па? Қолымнан келеді ме? деген сұрақтар мені мазалады. Бірақ менің осы қызметтік жолымнан байқағаным, таңдауымның дұрыс жасалғаны. Жауапкершілігі өте жоғары қызмет.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында орналасқан «Керемет» бастауыш мектеп-балабақша кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқаруда.

«Мен бос уақытымды үнемі балаларыммен өткіземін. Серуендейміз, кинотеатрға барып жаңа фильм көреміз, жаңадан ашылған ғимараттар болса, барып танысамыз. Балаларыма қатты серуендеген қатты ұнайды. Олардың қуанышынан, күлкісінен керемет əсер аламын. Осылайша мен, өзім туып-өскен жəне қазіргі уақытта ұйытқысы болып жүрген отбасыммен мақтанамын» деп əңгімесін жалғастырды.

М.Əуезовтың «Абай жолы», І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Бұқар жыраудың Таңдамалы толғаулары, «Бес ғасыр жырлайды» кітаптары ерекше ұнайтынын бөлісті. Себебі, ондағы оқиғалар шиеленіскен шым-шытырық сондай-ақ, саясат та жатыр, салт-дəстүрде баяндалады, өмір жолдары, иірімдері ерекше тілмен баяндалады.

«Балаларымнан мотивация аламын. Балалармен бірге өткізген жəне өткізетін əр күнім мен үшін өте ерекше күн. Балаларым маған күшті энергия, күш-қуат сыйлайды. Балаларым мені шабыттандырады да қанаттандырады. Аллаға сансыз шүкір деймін əр күніме» – дейді Айкерім Маханбетқызы.

Ы. Алтынсарин айтқандай, «Мен үшін жақсы мұғалім бəрінен де артық, себебі мұғалім мектептің жүрегі».