Күн санап өміріміз экранға тәуелді боп барады. Ақпарат, ғылым, үкімет, нарық та ғаламторға тел­міріп отыр. Ал енді адамдар арасын­дағы қарым-қатынасты да ғаламтор шешеді. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желілерде «әңгімелеседі». Әлеуметтік желі – адамдардың бір-бірімен ғаламтор арқылы өзара байланысын қамтамасыз ететін ғаламтор ре­сурсы.

Әлеуметтік желілердің ақпарат қо­ғамындағы рөлін көрсету үшін бір­неше статистикалық мәліметтерге тоқталсақ:
– Әлемдегі отыз жасқа дейінгі адам­дардың 50 пайызы, жаңа ғасырда туылғандардың 96 пайызы әлеумет­тік желілерді пайдаланады;
– «Facebook»-тің апталық трафигі «Google»-дікінен де асып түсті;
– Әлеуметтік желілер порно­гра­фияны да артта қалдырып, ғаламторда уақыт өткізудің ең кең тараған әдісіне айналды; (Порнографияны басып озу осы уақытқа дейін ешбір интернет жобаға бұйырмаған);
– АҚШ-тың әрбір сегізінші жұбы әлеуметтік желілер арқылы танысқан;
– 50 миллион қолданушыны өзіне қарату үшін радио отыз сегіз жыл, те­левизия он үш жыл, интернет төрт жыл талмай қызмет етсе, әлеуметтік желілердің тек біреуі – «Facebook» бір жылда 200 милллион адам жина­ды;
– Егер «Facebook» мемлекет бол­ған­да, халық саны бойынша үшінші орында тұрар еді. Себебі 800 миллион қолданушысы бар.
– Компаниялардың 80 пайызы кадр табуда әлеуметтік желілерге жүгі­неді;
– Леди Гага мен Джастен Бибердің твиттердегі қонақтарының саны Қа­зақстан халқынан да көп;
– «Facebook»-та тіркелушілер саны Қытай халқының өсу үдерісінен де асып түсуде.
Осылардың өзінен-ақ әлеуметтік желілердің қалың көпшілікті өзіне тартып, бұрын-соңды болмаған алып күшке айналғанын көруге болады. Бір ғана Америкада жаңа медианың да­муына байланысты талай баспасөздің редакциясы жұмысын тоқтатты, талай газет-журналдар таралымы азайып, шығынға батты. Бұл – оқырман үшін ақпараттанудың жаңа, тиімді әдісі. Бір ғана мысал, газеттен, телевизиядан, радиодан ақпаратты іздейсің, күтесің, ал әлеуметтік желіде «мынандай-мынандай жаңалықтар» деп ақпарат өзі келеді. Бұл – жаңа серпіліс.
Бұл серпіліс Қазақстанды да айна­лып өткен жоқ. Бізде де халық тиімді деп таныған әлеуметтік желілерін пай­даланып жүр. «Internet World Stats»-тің есептеуі бойынша, Қазақстанда 5,6 мил­лион адам әлеуметтік желілерді күн­делікті пайдаланады. Қазақстан­дағы ең танымал әлеуметтік желілер­дің қатарына «Мой мир»-ді (күніне
1 125 000 қаралым), «Одноклассники» – ді (күніне 558 000 қаралым), «Вконтакте»- ні (күніне 525 000 қаралым), «Fa­ce­book»-ті (күніне 410 000 қаралым), және т.б. жатқызуға болады. Атап өт­кен жөн, қазақстандық ешбір сайт, портал мұн­дай кең аудиторияны қамти алған жоқ.
Күніне үш жүз елу мың қазақ­стандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді екен. Шын мәнінде, агент – ақпарат алмасудың әрі тиімді, әрі арзан жолы. Дегенмен күні агентпен өтіп жатқандар да табылады. Біз бұл өмірге өзгелер өмірін білу үшін немесе тек ақ­парат алмасу үшін емес, ең ал­дымен, шын өмір сүру үшін келдік.
«Агенттегі достық», «агенттегі ма­хаббат» деген терминдер пайда болып, кеңінен қолданылып та жүр. Агентпен танысып, үйленгендер де жеткілікті. Оларды бірегей нашар тұрып жатыр десек, өтірік те болатын шығар. Бір жағынан алып қарағанда, бұл – екі адамның танысуы үшін өте қолайлы әдіс. Мысалы, бір қалада немесе бір ауданда тұратын адам ең көп дегенде қанша адаммен араласа алуы мүмкін? Қанша адаммен жеке сөйлесіп ара­ласуға болады? Бәрімен сөйлесе беруге уақыт та жетпейді. Ал әлеуметтік желі арқылы миллиондаған адамдардың ішінен өзіңізге «жүзі жылы» көрінге­ніне «достық» ұсынысын жасап, сөйле­суге, кейінірек шынайы қатынастар жасауға мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, «агент» арқылы махаббатқа қатысты бәсеке артады. Әлеуметтік желілер «ең ыңғайлысын таңдауға» белгілі бір дәрежеде көмектеседі. Бі­рақ виртуалды өмір шын өмірге ешқа­шан жетпейді. Виртуалды жақындық, виртуалды әңгіме сіз қолданатын жал­ғыз әдіс болмауы тиіс. Оның да басталу және аяқталу кезін білген жөн. Вир­туалды әлемдегі «ол» оның шын өмір­дегі бейнесінің тура көшірмесі бола бермейді.
Зерттеулерге қарағанда, әлеуметтік желілерде әрбір екінші адам өзі жайлы өтірік мәлімет жазады екен. Оның ішінде:
– 29 пайызы есім мен жасқа қатысты;
– 23 пайызы отбасылық жағдайы жайлы;
– 22 пайыз түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы;
– 17 пайыз білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтады.
Әлеуметтік желілердің кең та­рауы­на себепші психологиялық фактор­ларды төмендегідей жіктеуге болады:
1. Арманын виртуалды түрде шын сияқты көрсете алу. Яғни шын өмірде өзі жете алмаған жетістіктерді, өзіне бұйырмаған дүниелерді виртуалды әлемде қолы жеткендей көрсете алу. Мысалы, өз түр-келбетіне қанағат­тан­байтындар өз суреттерін қалағанынша сәндеп қояды, немесе өзге біреудің суретін енгізеді, өзіне ұнайтын көлікті өзінде бардай көрсетеді, т.б.
2. Қалаған адамыңмен тез араласып, тез араны үзе алу;
3. Өмірде айта алмайтын ойларыңды еркін жаза алу;
4. Жаңалыққа деген құштарлық. Жаңалық, ақпаратқа деген құштарлық адам баласында болатын дүние. Ал әлеуметтік желідегі миллиондар ара­сында болатын мыңдаған ақпарат оны қанағаттандыра алады;
5. Өзіңе керек сәттегі әңгіме; шын өмірде саған ойыңды бөлісуге, ішің­дегіні ашып әңгімелесуге қашанда ыңғай бола бермейді. Қол бос емес боп қалады, т.с.с. ал «агентте» сөйлесу қа­жет­тілігін қашанда қанағаттандыруға болады.
Осындай мүмкіндіктермен қоса, «агенттің» кері әсерлері де жоқ емес:
1. Уақытты жоғалту. Өмірдегі ең құнды дүние – уақыт. Ол ешқашан кері оралмайды. Ал «агенттің гүлдері» сол баға жетпес сәттерді бос әңгімеге жұмсауда;
2. Шын өмірден алшақтау;
3. Шындыққа жанаспайтын ақпа­раттардың тез тарауы, т.б.
Бұл тек бізге көрінетіндері ғана. Шын мәнінде, әлеуметтік желілердің «сырлы зияндары» анағұрлым тереңі­рек.
Әлеуметтік желілер – адамдар ту­ралы ақпарат жинау мақсатында ойлап табылған дүние. Әлеуметтік желіге тір­келу барысында біз есімімізді, лақап атымызды, фамилиямызды, туған же­рімізді, мекенжайымызды, қызығу­шылықтарымызды, тіпті те­лефон нө­мірімізді енгіземіз. Өзіміз жай­лы бас­тапқы толық ақпаратты осылай өзіміз береміз. Мүмкін сіз мұ­ның бәрін жал­ған ақпаратпен тол­тырғыңыз келетін шығар. Бірақ ондай жағдайда дос­тары­ңыз сізді қалай таппақ?
Одан кейінгі біздің әрбір әңгімеміз ақпарат. Өзіміз жайлы, өміріміз, қыз­метіміз, компания, мемлекет жайлы ақпарат. Мәселен, «Мой мир» әлеумет­тік желісінде өз жазбаларыңыздың мұрағаттан көруге болады. Оны жоюға да мүмкіндігіңіз бар. Бірақ ол бәрібір сақталып қалады.
Жалпы, сіздің әрбір әрекетіңіз, яғни кіммен дос болдыңыз, кімге не жаздыңыз бәрі де сақтаулы. Керек десеңіз, IP адресіңізге дейін. Оның бәрі сайт бақылаушыларының уы­сында. Демек, оларды қалаған кезінде пайдалана алады. Мүмкін сізге қарсы, мүмкін өзге мақсаттарда. Бір сөзбен айтқанда, олардың назарына іліге қал­саң, мұрағатыңды ақтарып жіберіп, шикілік таба салады.
Бір сәтке ойланып көріңізші, сіздің осы уақытқа дейін жазғандарыңыз­-
дың арасынан болашақта сізге қарсы қолданылуы мүмкін нәрселер табыл­май ма? Оны былай қойғанда, бірде-бір рет өзгелер білмегені дұрыс сайтқа кір­медіңіз бе? Әлеуметтік желі сіздің қандай сайтқа кіргеніңіз де қадағала­нылып отырады. «Маған ұнайды» де­генді басу арқылы мен осында келдім деп ақпарат бересіз.
Қазір әлеуметтік желілерге сурет қою сәнге айналған. Кез келген смарт­фон, i-phone немесе android жүйесін­дегі телефонмен түсірілеген сурет жай­лы толық ақпарат алуға болады. Тіпті оның қай жерде түсірілгеніне дейін. Картадан анық көрсетіп те бе­реді.
Бұл – мемлекет үшін, әрбір адам үшін үлкен қауіп. Ақпараттық соғыс­тың ең өтімді қаруы өзіміз берген мә­лімет емес пе? Осы қаруды «біреудің қолына ұстатып бермеу үшін» тез арада шаралар қолдану керек.
Мемлекет үшін ең дұрысы – өзі­міздің төл әлеуметтік желілерімізді да­мыту. Бізде on.kz, nur.kz сияқты әлеуметтік желілер біраздан бері қыз­мет көрсетуде. Бірақ олар «керемет» жетістікке жете қойған жоқ. Өз әлеуметтік желімізді кең қолданысқа енгізу үшін бізге, ең алдымен, шетелдік әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін толық игеру керек(чат, m-agent сияқты бағдарламаларды орнату, т.б.). Екін­шіден, өзімізге тән ерекше дүниелерді қоса білу(мысалы, ру, жүз туралы, және т.б. өзге желілерде жоқ дүние­лерді енгізу). Егер өз әлеуметтік желі­мізді жөнге қоя білсек, мемлекеттік құпиялардың тарап кету, мемлекет мүд­десіне қарсы ақпараттардың тарау қаупін біршама жояр едік. Бұл тек мемлекеттік тұрғыдан.
Ал жеке адамдар үшін әлеуметтік желіде мейлінше аз ақпарат алмасқан жөн. Жазғаныңыздың ертеңгі зиянын да ойлау керек. Ақпараттық тәуелділік ешкімге ұнай қоймас… 

Айдос ӘРІПБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ студенті