Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі – әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өмірді, әлемді танып-білуге қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сездіре білуінде жатыр.

Оқушылардың қызығушылығын арттырып отыру үшін ұстазы сабақ үстінде, сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып отыруы тиіс.  Олар мынадай: Тақырыпты терең ұғындыру, түсіндіру; Сабақта немесе сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі тақырыптарда пікірталас тудырып отыру; Логикалық ойлауын жетілдіретін тапсырмалар беру; Ойларынан тест тапсырмаларын құрап келу, есеп құрау, ертегі құрау,ертегілерді сахналау, шағын мәтіндер құрау, өлең жолдарын құрау; Қиялдау арқылы сурет салғызу; Ана тілі сабақтарында мінездеме беру; Авторлар туралы толық мағлұмат жинау, реферат жазу;  Әр түрлі тақырыпта сайыс, пікірталас өткізіп, алған әсерлеріне шығармалар жазу; Сабақ үстінде қосымша тапсырмалар беріп, орындауын қадағалау.

Осындай әдіс-тәсілдерді үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Бала бойындағы қабілетті ашу – оқушыны шығармашылық бағытта дамуына жете мән беруі болып табылады.

Шығармашылықпен айналысқан оқушының ойы жүйрік, тұғыры биік азамат болып қалыптасады. Қазақ әдебиеті сабағы да сөзбен жүргізілетін жұмыс сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі. Сөздік жұмысы оқушыны бір жағынан ойлауға жетелесе, екінші жағынан қызығушылығын оятып, шығармашылық  қабілетін арттыруға, белсенділікке ынталандырады.

Б.Д.Эльконин шығармашылыққа мынандай анықтама береді: «Шығармашылық -бұл ерекше тұрғыдағы жасампаздық, жаңадан жасалған нәрсе бұрынғы нәрселердің механикалық қайталануы емес, өзінің сонылығымен, біртумалығымен ерекшеленетін болса, өзін-өзі куәландыратын, дәлелдейтін болса, онда бұл нәрсені туғызған шығармашылық акт туралы сөз қозғауға болады.

Бір нәрсені жасауға, тудыруға деген қабілеттілік балаларда мектеп жасына дейін де көрінеді. Адам бойындағы қабілеттерді дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Ол өзін-өзі шынайы болмысына бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін-өзі жетілдіруге де, сонымен қатар, сонымен қатар өзін-өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан, талап тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»-деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында. Кез-келген дамыған өндіріс қазіргі таңда шығармашылықпен жұмыс жасауды талап ететін адамды қажет етеді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын адамның негізгі іс-әрекеті ақыл-ойға, әрі алған білімді басқа таныс емес іс-әрекетте тасымалдай алуға негіздейді.

Оқушының шығармашылық іс-әрекеті және оның мәнін түсіну үшін жеке тұлғаның ғылыми-педагогикалық зерттеулердің обьектісі ретінде анықталу сипатын білу қажеттілік болып табылады. Шығармашылық іс-әрекет тұлғаны құраушы және оны айқындаушы фактор ретінде де қарастырылады.  Жеке тұлғаның ерекшеліктеріне тән қасиеттер оның санасына, өзіне-өзінің сын көзімен қарауына, адам баласының есіне әсер ететін ішкі және сыртқы түйсік,  түйсіктердің әсеріне және оның ерік-жігер күші мен әсерленушілік сезім дүниесіне байланысты құбылыс деген пікірді біздер қуаттаймыз. Оның себебі, ұлы ғұламаларымыз осы ой-пікірде болған деп білеміз.

Оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыруда сабақтарды түрлендіріп өткізудің маңызы ерекше. Мұндай сабақтардың тиімділігін атап өтсек: сабақ құрылымының ұйымдастырылуы, сыныптағы оқушылардың іс-әрекетін бақылауға қолайлылық, оқу-танымдық тапсырмаларды орындаудағы ұжымдық бірлескен әрекеттің жүзеге асуы, оқыту уақытының үнемделуі.  Мектептегі оқу процесі оқушылардың іздемпаздығын, танымдылық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуында жол ашуы қажет.  Оқыту процесі – екі жақты процесс болғандықтан, оқушының өзіндік жұмысы, дербес іс-әрекеті мұғалімнің басшылығымен қатар, олардың іздемпаздығын, белсенділігін, өз ықыласымен жасайтын әрекетін де керек етеді. Осыған байланысты кейбір педагогтармен психологтар оқушылардың өзіндік жұмыстарының негізгі ерекшеліктері олардың ықыласына және өз еркімен әрекет жасауына байланысты деп пікір айтады.

Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары формасына олардың өз еркімен амал-тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Оқушылардың шығармашылығын, іздемпаздығын қалыптастыруда сыныптан тыс, жеке ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми-шығармашылық апталық, жобалар, пәндік үйірмелер мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық іздемпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану – олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра алады. Сондай-ақ мектептегі пәндік олимпиадалар, сайыстар, көркем өнер және техникалық көрмелер, түрлі шығармашылық кештер оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң нәтижеге жетуге ықпал етеді. Шығармашылыққа үйрету тұлғаның интеллектуалдық аспектісі ғана емес, оның психологиялық, мінез-құлық ерекшеліктерін де көздейді. Оған жігерлілік, жаңа жағдайларға бейімделуге икемділік, қаржылық пен табандылық, тәуелсіздік пен адамгершілік сезімі, ынтымақтастық, қажырлы еңбекке қабілеті, белгісіз жағдайдағы өзіне сенімділік, ақиқаты іздеудегі және қарым-қатынастағы адалдық жатады. Әр сыныптағы әр оқушыға байланысты мұғалім өзінің мақсатқа жету жолдарын іздейді. Ол оның үстіне басты шарты аталған қасиеттерді көрсетуге тырысады.

Оқушылардың жоспарлы жұмыс істеуге және өз жұмысының нәтижесін өзі тексеруге, оларды тапсырманы орындаудың тәртібі мен әдістерін анықтай білуге, сабақта, бір күнгі, апта ішіндегі, ай ішіндегі өз жұмысын жоспарлай білуге ұсынылған критерийлер негізінде өз жұмысының нәтижесін талдау мен бағалауға, сондай-ақ мұндай критерийлерді өздері жасауға үйретуді көздейді.

«Әдебиет» және «Қазақ тілі» сабағында ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізуге болады. Ол үшін мұғалім мәтіннің, жаттығудың өн-бойынан шығармашылық тапсырмаға лайықты жағдайлар іздеп табуы керек. Кейбір практикалық тапсырмаларды да шығармашылық арнаға бұрып, өзгертуге болады.

Сәдібек Қарашаш Кеңесқызы

№22 жалпы орта мектеп

ОҚО, Түркістан қаласы