Бардың қадірін білу үшін жоғалту керек,
Тоқтың қадірін білу үшін ашығу керек.
Халық даналығы
Тақау арада ғаламтордан ғалымдардың короновирусқа жаңа коронавирус(пандемия) деген анықтама бергенін оқыдым. Бұл – латынның crowns (тәж) немесе halos (шеңбер) деген сөздерінен пайда болған атау екен. Пандемия – жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы. Гректің «пандемос» деген сөзінен шыққан. Қазақшасы – «барлық адамға тиесілі». Мамандар бұл терминді ауру әлемнің түкпір-түкпіріне таралған жағдайда қолданылады дейді. Бұл вирустар тобына адамға зиянын тигізетін бірнеше түр кіреді деп хабарлама жасап отыр. Олардың бірі тұмауға шалдықтырса, өзгелері жарқанаттар мен түйелерден және жануарлардан кездесіп, бүгінде ғылымда SARS (Ауыр әрі өткір респираторлық синдром) және MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы) деген акрониммен белгілі болып отыр. Қытай ғалымдарының мәліметінше, коронавирус (COVID-2019) табиғи резервары жабайы жануарлар (жарқанаттар). Адамдарға Оңтүстік Қытайдағы көтерме сауда базарларынан жұғыпты. Бұл сауда орталықтарында жарқанаттар мен жануарлардың етінен әзірленген тамақ өнімдері сатылған.
Ой, сұмдық-ай!
Биылғы пандемия тарихтағы алғашқы індет емес. Адамзат тарихында өмірге қауіп төндірген, жаппай қазаға әкеп соқтырған оба, безгек және басқа да кеселді дерттерден миллиондаған адам көз жұмған. Өткен ғасырлардағы жалпақ жұртты жайлаған індет қасіреттері үрей туғызғаны ақиқат. Ислам тарихында да халық арасында көптеген жұқпалы аурулардың пайда болып, оны емдеу және алдын алу шаралары туралы хадистер сақталғаны белгілі.
Хадистен түсінетініміз:
– Жұқпалы індет адамдарды «дінсіз», «діндәр» деп бөліп жармайды…
– Мүмін-мұсылман өзінің тұратын елді-мекенді індет жайлаған заманда «Жазымыштан озымыш жоқ, Алланың жазғаны осы болады» деген сеніммен сабырлық танытып, дүрлікпейді. Бірақ сақтық шараларына да немқұрайлық танытпайды.
– Бір жерден жұқпалы індет тараса, ол жерді оқшаулап, сырттан ешкімді кіргізбеу және іштен ешкімді шығармау әдісі қолданылады (бұл қазіргі таңда вирусологтардың, биологтардың және обатанушылардың да айтатын кеңесі).
Індет- арты өлімге апаратын қауіпті дерт. Жұқпалы аурулардың қайсысына болмасын Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Науқасқа жақындаудың қаупі зор»,-деп ескерткен. Оба, безгек, қызылша, шешек, спид және басқа да кейіннен мәлім болатын жұқпалы аурулардың бәрі індет деп аталады.
Талай нәубетті бастан өткерген қазақ халқы да «жұт жеті ағайынды» деп, оба, шешек секілді жаман ауруларды солардың біріне санап, олар туралы жөнсіз сөз қозғамауға тырысқанын айту ләзім.
Қазір де жер-жаһан жаңа індетпен бетпе-бет келіп отыр.
«Тілсіз жау», діндер мен өркениеттер арасындағы түсініспеушілік пен қақтығыстарды кейінге шегертіп, әлемдік қауымдастықты бір ымыраға келтіріп, адам өмірін сақтау және індетпен күресу жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырған секілді. Індет қауіпі осы ой-пайымды барлық елдерге мойындатып берді. Қиындықпен бетпе-бет келген еліміз шұғыл әрі қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдап, аурумен күрес үзілмей жалғасуда. Жұқпалы індеттің таралуына тосқауыл қою үшін, бұрын соңды болмаған сақтық шаралары іске асуда.
Бұл «қарусыз соғыста» дәрігерлер адам өмірін сақтау үшін тынымсыз еңбек етуде. Ұстаздар қауымы үйден шықпай-ақ жас ұрпаққа білім беруде. Сол себепті ұстаздардың еңбектері ерен деп ойлаймын. Олар еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ екенін естерінен бір сәтте шығарған емес.
Жер бетін мекендеген барлық жанға төнген ортақ қауіп адамдарды қайырымдылық пен игілікке, ізігілік пен мейірбандылыққа, жамандықпен күресуде мүдделес болуға үйретуде, бұл игі үрдіс қарқын алуда. Адамзат атаулының барлығы жаратылысынан бейбітшілік пен түсіністікке, сабырлық пен қанағатқа, қарапайымдылық пен әділдікке бой ұсынады. Адам бойындағы бұл қасиеттерді діндер мен діни ұстанымдар бекемдей түсуде. Қалай десек те, бұл пандемиядан кейін әлем мен адамзат тіршілігі бұрынғыдай болмасы айдан анық. Жер бетін жайлаған үрей мен қауіп адамдардың бір-біріне мейірім танытуына, өз өмірі, жеке бас гигиенасы мен экология мәселелеріне жауапкершілікпен қарауына, мемлекет пен отбасылық қаржы көздерін ысырапшылыққа салмай, туған жер мен отбасының қадір-қасиетін айқындап, орны жетпес бақыт екеніне жаңадан көз ашқандай.
Расында да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» күн туды. Бірлікте, ынтымақта болайық.
Бірлік – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды, ізгілікті этикалық ұғым. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Ол белгілі бір ұжымның, ұлт пен халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Бірлік түбі – береке”-деп
түйіндеген. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған.
Шын мәнінде, қазір – бүкіл әлем жұртшылығы үшін сын-қатерге толы уақыт.
Өзімізді,туған-туыс, ағайын-жекжат, дос-жарандарды короновирус індетінен сақтау үшін үйде отырайық. Біз жеңеміз! Біз қашанда біргеміз!
Базарова Лаззат Есимовна