Өмір- бақыт, өмір -әсем, өмір – гүл. Бұл жарық дүние адам баласына бір-ақ рет берілетін Алла тағаланың сыйы. Қыбырлаған жәндіктен бастап  барлық жаратылыс өмір сүру үшін өз әрекеттерін жасайды. Күрессіз, талпыныссыз өмір сүру мүмкін емес! Адам жаны, өмірі-барлық нәрселерден де  саф алтыннан , гауһар жаһұттан да қымбат дүние.

«Ақбілек»романында әр кейіпкердің өмір үшін күресін оқи отырып,таң қаласың. Шын мәнінде, Ақбілек небір қиын сәттерді бастан өткерсе де,мына жарық дүниеге ешнәрсе жетпейтіндігін,қараңғы қапас дүниенің ар жағында нұрын шашқан сәуле бар екендігіне сенді.Өкінішке орай,өмірінде көрмеген, дінін, тілін білмейтін қарамұрт офицерге жар болды,содан пана тапты, бойына бала бітті. Ертеңгі күннің жарық сәулесін көру үшін орыс офицерлерінің кірін жуып,тамағын істеп,тіршілік күнін кешті.Өліммен бет-бет келген кезде де, арпалысып қиыннан жол таба білді. Қызыл әскерлерден қашқан ақтар өз бастарын қайда тығарын білмей, жан-жаққа қаша жөнелген кезде, Ақбілек керексіз заттай қалып қойды. Түз тағысы қасқырға жем болып қала жаздап,  ажал  тырнағынан әрең құтылып шығып, еліне келген Ақбілекті сорақы,  азап, мазақ, мұңды өмір күтіп тұрды.Тозақтың отына күйді, өртенді, әйтсе де ерке, сұлу қазақ қызы өмірге деген құштарлығының арқасында тірі қалды. Келер күннен үміт күтті. Оқу оқып, әрекет жасап, жаңа бақыт тапты.

Романдағы кейіпкерлердің бірі–қарамұрт орыс офицері.  Өз жерінде,елінде аты шыққан офицер қазақ жерінде өмір үшін жанталасып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Дегенмен, мен оның әрекетін бұрыс деп айтқым келмейді. Ол да ертеңгі күннен үміт күткен пенде. Жанын қиғысы келмеді. Бір күндік өмір болса да , сүйікті жар болғысы келді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Ақбілекке пана бола білді. Өмірдің тым балдай тәтті екенін түсінді, қазақ  қызына өмір сыйлап , өзі  Қытай асып, өмір сүруді  қалады.

Шынында да,  романдағы әр кейіпкердің өмір сүру үшін  күресін сезініп,   бұл өмірді тек  мәнді де мағыналы етіп өткізгің келеді. Ана құрсағындағы сәбидің өмір үшін күресі кез келген адамды толғандырады. Ақбілек ішін қанша қысып байлап тастаса да , сәби ана құрсағында жарық  дүние үшін күресті. Ол қатты байлап,  матап , қысқан сайын  құрсағыңызда «Мен бармын , мен тірімін, өмірді көргім келеді» деген белгі беруден жалықпады . Көрер жарығы бар екен , жаңа өмір есігін ашып  ,  жарық  күнді  көрді.  Дене кемістігіне қарамай   Ескендірдің алға ұмтылуы жаныңды тебірентеді.

Қорыта айтқанда,  ұлы жазушының «Ақбілек» романындағы кейіпкерлердің өмір үшін  күресі  Адам ата  мен  Хауа ана сыйлаған адамзат баласының мәңгілік жасайтын ұлы істеріне айналды. Өмір барда,    тіршілік бар  , адамзаттың  өмір үшін күресі тоқтамақ емес, тоқтамайды деген  сенімдемін.

 

ОҚО, Түркістан қаласы, Жаңа Иқан ауылы

Ұлықбек жалпы орта мектебінің

Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі,

Гүлмира Әмірбекова