Ұстаздық ол көне жəне киелі мамандық. Адам баласы өмірге керекті адами асыл касиеттерді ұстаз бойынан іздейді. Ұстаз алдында үлкен де, кіші де шəкірт болып қалады. «Оқудан бас тартпау үшін мектеп өміріне жайлап үйрету қажет. Көп зат талап етпей, аздаған жетістігіне қуана білуі керек» – дейді Сəуле ханым.

1971 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келді. 1978 жылы Байғанин қазақ орта мектебіне барды.

Сəуле ханым сегіз балалы отбасынан шыққан жəне тұңғыш перзент. «Ол кезде ойыншық деген өте аз болатын. Бауырларыма мұғалім болып есептер шығартып, диктант жаздыртып, оның қатесін тексеріп, баға қойып ойнатқан сəттерім болды. Олар басқа ойын ойнайықшы деп жылайтын. Кешкілік отбасы түгел жиналған кезде ата- əжемізге, əке-шешемізге концерт койып беретін едік. Кіші сіңлім жүргізуші болып мен казір Алла Пугачеваның «Бозторғай» əнін орындаймын деп кыран топан күлкіге калдырған. Осындай сəттер есімде қалып қойды».

1986 жылы мектепті жақсы тəмамдап, Ақтау қаласындағы Маңғышлақ педагогикалық училищесіне оқуға түсті. 1990 жылы оқу орнын аяқтап, Темір ауданы, Кенесту селосы, Шитүбек орталау мектебіне бастауыш класс мұғалімі мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Жұмыс жасап жүріп сырттай Ақтөбе мемлекеттік пединститутын

«Педагогика жəне бастауыш оқыту əдістемесі» мамандығы бойынша толық курсын бітірді жəне кəсіптік жоғары білімді «Бастауыш сыныптар мұғалімі» деген біліктілік алып шықты.

1991 жылы 14 қыркүйекте Курбаков Аян Адиловичке тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Ол Темір ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қ.Сəтбаев атындағы университеттің «Мұнай жəне газ орындарын əзірлеу жəне пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-мұнайшы деген біліктілік алып шықты. Қазір ЖШС «Батыс мұнай жəне сервистік қызмет» компаниясында бұрғылау шебері болып жұмыс жасайды. Бүгінде Ақтөбе қаласының тұрғындары.

1990-1998 жылдары Темір ауданында, 1998-2005 жылдары Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында №2 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасады. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы М. Құрманғалиева атындағы №32 орта мектеп-гимназиясы коммуналдық мемлекеттік мекемеде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасайды.

«Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдауда қателеспедім. Мамандығым өмірімнің мəні мен мазмұны» – деп санайды. Адам өзіне баға беруі киын əрине. 30 жыл ұстаздық өмірінде жеткен жетістігі де, кеткен кемшілігі де болды. Жетістігі алға жетелеп, кемшілігінен сабақ алып өскені жайлы айтты. Əлі де көргенінен көрмегені, оқығанынан оқымағаны көп деген мақсатпен үйренуден жалықпайды екен.

Қай заманда болмасын, қай мамандық иесі болсын барлық адамды біріктіретін ұлы сезім. Əрине сырғыған уақыт өз дегеніне көндіреді.

«Елдің ертеңі үшін тынбай ізденіс пен табандылық касиетіммен жұмыс істеуге күшім жетеді. Адамда қанағат пен шүкіршілік, сабыр мен тағат болса көрген күннің барлығы тамаша» – деп өз ойымен бөлісті.

Бала кезіндегі арманы – алғашқы ұстазына ұқсап ұлағатты мұғалім атану еді. Арманы алға жетелеп, осы жолды таңдауға себеп болған.

Ұстаздық жолында жеткен жетістіктері: 1991 жылы «Жыл мұғалімі – 1991» конкурсының жүлдегері; Темір ауданы, Шұбарқұдық қалашығының құрмет грамотасы; 2002 жылы «Білім беру жүйесінде өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тəрбие беру ісінде жоғары нəтижеге жеткені үшін» құрмет грамотасы; 2019 жылы «Үздік қазақ тілді интернет – сайт сыйлығы» байқауында «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы; «Эрудит» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен педагогтар арасында өткен республикалық «Шебер педагог – 2019» атты шығармашылық байқауы «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша ll дəрежелі диплом; 2019 жылы «Ізденімпаз ұстаз – 2019» республикалық педагогтар арасындағы ғылыми жоба байқауында ll орын диплом; 2019 жылы «Ақтөбе облысы жəне Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің кəсіподағы» қоғамдық бірлестігінен алғыс хат; 2020 жылы «Ақтөбе – Дарын» өңірлік ғылыми-тəжірибелік қосымша білім беру орталығынан алғыс хат; 2022 жылы Ақтөбе қаласының білім бөлімінен алғыс хат марапатталды.