Жаңа заман білім саласына да жаңа міндеттер жүктейді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің білім саласы биік нәтижелерге қол жеткізіп, әлемдегі дамыған елдер деңгейіне жетті. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен азаматтарының біліміне байланысты екені белгілі. Сондықтан да жас ұрпаққа сапалы білім, жақсы тәрбие беру ұстаздардың ұлы міндеті болып табылады.
Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты Қ. Сәтпаев атындағы №12 жалпы орта мектепте жылдық жоспардың негізінде «Жаңа тұрпатты мұғалім – заман талабы» тақырыбында «Үздік бірлестік жетекшісі – 2017» байқауы болып өтті.
Байқау оқу үдерісіндегі әдістемелік жұмыстарды жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауда 7әдістемелік бірлестік жетекшісі, атап айтқанда, бастауыш сыныптар әдістемелік бірлестік жетекшісі – Әлібаева Жанат, қазақ тілі әдістемелік бірлестік жетекшісі – Қалымбет Айымгүл, орыс тілі бірлестік жетекшісі – Эргешова Арафат, шет тілі бірлестік жетекшісі – Утегулова Қарлығаш, математика пәні бірлестігінің жетекшісі – Алсейтова Маржан, Химия – биология әдістемелік бірлестік жетекшісі – Жусипова Дүйсенкүл, тарих – география бірлестік жетекшісі – Шакеева Ақнұр өздерінің бақтары мен баптарын сынады.Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар мұғалімнің өткені, бүгіні және болашағы жайлы ойланып жаңа идеялармен жұмыс жасауға негіз болады. Осыған орай, бірлестік жетекшілердің сайысы да ескі сарынмен емес, жаңаша, өзгеше өткізілді. Қазылар алқасы да белгілі критерийлер қойып, 0 – 3 ұпай арасында бағалап отырды. Байқау 5 кезеңнен тұрды:
І Таныстырылым кезеңінде бірлестік жетекшілері өз бірлестігінің мүшелерін таныстыра келе, өздерінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, сол ортада көшбасшы екендіктерін дәлелдеді.
Бірлестік жетекшісі мұғалімдерді соңынан ертуге қауқарлы, ісіне берік әрі тиянақты болғаны жөн. Бұл – жаңа дамыған дәуірдің талабы. Сайысқа қатысушылардың осындай талапқа сай екендігін ІІ кезең көрсетті. Махатма Гандидің «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» деген даналығын басшылыққа ала отырып, бірлестік жұмысына мұғалімдердің көзқарасы,өзара сабаққа қатысуы,пән бойынша білім сапасы, сабақтан тыс жұмыстары туралы 10 минуттық презентация қорғады.
ІІІ кезеңде әдістемелік бірлестік құжаттамасының жүргізілуі сырттай тексерілді. Құжаттаманың ережеге сай жүргізілгендігіне сәйкес бағаланды. Бұл кезеңде Шакеева Ақнұр, Алсейтова Маржанның құжаттама жүргізуде өте ұқыпты екендерін байқадық.
ІҮ кезеңде мектеп акт залында дайындалған көрмені әрбір бірлестік жетекшісі қорғап, таныстырды. Қазылар алқасы әдістемелік құрал – нұсқаулықтардың әзірленуі, көрнекі құралдардың жинақталуын бағалады.
Мұғалімнің тағы бір қыры өзін ұстауы,киім киісі, жүзінің жарқын бейнесіне дейін көрініп тұруы керек. Әрбір сөзге сауатты, әрбір ісіне жауапты, мәдениетті,интелегентті тұлға болуы керек десек, Ү кезеңде қатысушылар өз бойындағы барлық таланттарын көрсетті. Бірінен – бірі асып түсіп, түрлі өнерлерін ортаға салды.
Байқауға қатысқан барлық мұғалімдердің жұмыстарын саралап, талдай келе қазылар алқасы бас жүлдені – бастауыш сыныптар әдістемелік бірлестік жетекшісі – Әлібаева Жанатқа берді. І орын – химия – биология әдістемелік бірлестік жетекшісі – Жусипова Дүйсенкүлге, ІІ орын – қазақ тілі әдістемелік бірлестік жетекшісі – Қалымбет Айымгүлге және орыс тілі пәні бірлестігінің жетекшісі Эргешова Арафатқа, ІІІ орын –математика әдіс бірлестігінің жетекшісі Алсейтова Маржанға, география бірлестігінің жетекшісі – Шакеева Ақнұрға бұйырды.
Ұлы мұраттарға ұмтылған еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, шәкірттерді білімнің биік белестеріне бастап, асқақ армандарға жете беріңіздер, құрметті ұстаздар.
Түркістан қаласы,
Қ. Сәтпаев атындағы №12 жалпы орта мектеп
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Б. А Сапарбекова