Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан не жазса да сырлы,көркем сәнді жазады.
Ж.Аймауытов
Осылай Мағжанның ақындылығына баға берген Жүсіпбектің сөзін дәлелдеу үшін ақынның бірқатар өлеңдеріне талдау жасап көрейік.
Мағжанның сыршылдығы неде? Мағжанның өлеңдерінің құдіреті қандай?
Мағжан терең ойдың ақыны емес, ол заманды суреттеуге шебер емес. Ол келешекті болжап, жұртты соңынан ертпейді де. Алайда, Мағжан – сыршыл-дығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен күшті.
Өмірде барлық нәрсе өзгереді, өзгермейтін, алдамайтын таза қасиетті нәрсе ол – табиғат. Табиғат, махаббат – қашаннан бері ақындардың жырға қосып, жанына дауа болған – шипасы десек, Мағжан атамызда табиғатты өзгеше жырлаған. Табиғатты суреттеуде ақынның ойлағаны,сезгені, жүрегінің қайғыруы, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Мәселен, мен талдағалы отырған «Толқын» деген өлеңінің алғашқы шумақтарындағы:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
Толқынмен толқын жарысад,
Жарысып жарға барысад,
деген жолдарды оқығанда бірін-бірі жарыса қуған балаша жағаға қарай жеткенін-де білмей де қаларсың. Көз алдыңа сыбырласып, сырласқан ерке толқынның жанды бейнесі арқылы сұлу да ерке қыздың қылығы елестейді. Өмір – өзен десек, бірін-бірі қуалай қуған толқын әрекеті арқылы қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмір белестерін біресе былдырлаған ерке балаға ұқсатса, біресе ғашық жандарға ұқсатады.
Ақын «Толқынды толқын қуады» деген жолдарды қайталай отырып, кәусар сумен жарының бетін жуған ғашықтарды көз алдымызға әкеледі. Бір кездегі ерке бала бірінің сырын бірі ұрлаған ғашықтарға айналып, ғашықтықтың азабынан, біресе күліп, біресе жылайды. Жағаға соққан толқын қалай басылса, ғашықтық сезіміне күйген жандарда жылай, күле басылады. Ақын бұл көріністі:
Сылдыр-сылдыр сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап – деп,
дыбысымен, ырғағымен айналаның бәрін ғашық жандардың сыңғырлаған үні басып кеткендей әсер қалдырады.
Менің бұл өлеңнен түйгенім, бірін-бірі қуалай жағаға соққан толқындардың әдемі көрінісі арқылы ақын алаңсыз, қамсыз өскен ерке баланың ғашықтық дертіне ұшырап, соның құрбаны болғандығын әдемі қайталаулар мен әсерлі сөздер арқылы жеткізгісі келген сияқты.
Міне, ақын өлеңінің құдіреті де осында.Табиғаттың тылсым сырын ашуда жансыз затқа жан бітіріп, оны адамның сезімімен үйлестіре білген ақын өлеңінің құдіретін көреміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Бірлестік жетекшісі: Назипа Құлжанова