Біз, қазақ халқы, шын мәнінде шынайы бақыттымыз, бірақ оны білмейміз. Білсек те, бағымызды бағалай алмаймыз! Себебі біз — өзіндік мәдениеті мен тарихы бар елміз. Сондай ұлттық құндылықтарымызды қалыптастырудың басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ол — қазақтың тұңғыш әліпбиін жасап, бұрын-соңды өзінің әліпбиі болмаған қазаққа жаңа жолды нұсқап, оқу үйренудің жаңаша әдіс-тәсілін қалыптастырды. Біле білсек, жер бетінде өзіндік әліпбиі бар елдер санаулы ғана. Бірақ біз ұлы Ахаң түзген әліпбиді пайдалана алмай, кириллица қарпімен сауат ашып жүрміз ғой. Өкініштісі осы. Этнограф, жазушы Сейіт Кенжеахметұлы дүниеден өтерінің алдында «Ахаңның әліпбиімен жүргенде мәңгүрттер еліне айналмас едік» деген екен. Ахаңның қалыптастырған әліпбиі бұл күнде ұйғыр, шағатай сияқты ұлттардың төл жазуы ретінде пайдаланылып жүр. Біз қазақ өзіміздің барымызды қажетімізге жарата алмай жүрміз ғой…

***

Смағұл Сәдуақасов: «Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауымызға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, оқу құралдарын жазған, бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам. Сондықтан бұл кісіні ұстазымыз деп қарап, өзімізден әлдеқайда жоғары ұстап, қадірлей білуіміз керек!» — десе, Мұхтар Әуезов «…Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны — «Қырық мысал», «Маса» , «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын болады.
…Ахаң істеген қызмет — қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш», — деген екен. Иә, Ахмет Байтұрсынұлы сан қырлы тұлға болған.
Ұлы Торғай өңірінің Ақкөл атырабы, Сарытүбек елді мекенінде дүние есігін ашқан бала Ахмет 1882-1884 жылдары көшпелі ауыл мектебінен сабақ алса, 1886-1891 жылдары Торғайдағы тұңғыш қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин ашқан екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқыған.
1891-1895 жылдары Орын-бор мұғалімдер мектебінде оқып, «бастауыш училищенің мұғалімі» мамандығын бітіріп, мұғалімдік қызметіне кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы «Қырық мысал», 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағын баспадан шығарып, ақындық, аудармашылық талантын шыңдады.

Ақын Ахмет 1912-1913 жылдары қазақтың әліпбиін жасады, оны қолданысқа енгізді. «Оқу құралы» кітабының бірінші, екінші кітаптарын шығарды.

1913 жылы қазақтың алғашқы басылымдарының бірі — «Қазақ» газетін Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы сынды достарымен бірігіп шығарып, бұқара халыққа журналистік-публицистік қырымен танылған.
Патшалық билік құлағаннан кейін Ахмет Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерімен бірге Алаш Орда үкіметінің құрылуына атсалысып, саяси қайраткер де болған. Саясатқа араласуы сол кездегі заман ағымы, уақыт талабы еді.

Алаш Орда үкіметінің билігі жойылған соң, Кеңес үкіметі бір топ Алаш қайраткерлеріне кешірім жариялаған. Ахмет Кеңес үкіметіне мүше болып, Лениннің қабылдауына болады. Қазревкомның мүшесі болып қызмет атқарады. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР үкіметінің Халық ағарту комиссары болады. 1922-1925 жылдары Қазақ Халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби қоғамның төрағасы қызметін атқарады.
1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиетінен оқытушы болса, 1928 жылы Алматыдағы КазПИ директорының шақыруымен профессорлық қызметке келген.

***

Тағдыр Ахметті маңдайынан сипай қоймаған. Әкесі Байтұрсын — арғын руының Үмбетей атасынан тарайтын Шақшақ бабаның тоғызыншы тармақтағы ұрпағы. Шақшақтың ұлы Жәнібек — атақты батыр, «Тархан» атағын иеленген тұңғыш қазақ. Анасы — Күңші арғынның Сүгір руы, Шеру атасынан тарайтын Құлыбек деген байдың қызы болған.
Әкесі Байтұрсын Шошақұлы Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевтің басын жарып, 15 жылға Сібірге айдалған. Тек Байтұрсын ғана емес, оның барлық бауырлары да қуғын-сүргінге ұшыраған. Міне, сол кезден-ақ бала Ахметтің жан сарайына дақ түсіп, көңілінің құтысын сындырып алған еді.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам, — дейтіні де содан.
1907 жылы Қарқаралыда мұғалімдік қызметте жүргенде Ахмет қуғынға ұшырайды. Оның себебі 1905 жылы Ахмет Әлихан, Міржақып бастаған, 12757 адам қол қойған «Қарқаралы құзырхатына» араласуы екен.
1909 жылдың шілдесінде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Алыстағы анасын сағынған, Ақкөлін сағынған Ахмет:
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазуға еді Хақ Тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң! — деп, анасына өлеңмен хат жазған. Иә, нақақтан-нақақ Патшалық Ресей шығармашыл адамдарды, ақылды адамдарды осылай қорлап, қинаған еді. 1910 жылдың 9 наурызында қайраткер ақынды Орынборға жер аудартып, қазақ даласында тұру құқығынан айырды.

Ахаңның түбіне жеткен өзінің ұлтшылдығы, сан қырлы қабілеті еді.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел — бүгіншіл, менікі — ертең үшін! — деп, қара басын ұлттық мүдде үшін қатерге тігіп, қазақтың зайырлылығы үшін, қазақ жастарының болашағы үшін өзінің тағдырын таразы басына салып, Отан үшін бас сауғаламай күресті. 1929 жылы 59 жасында тұтқындалып, Алматы түрмесіне қамалады. 1931 жылы ату жазасына кесілген. Бірақ бұл бұйрық қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, Архангельскке жер ауырылады. 1934 жылы М.Горькийдің әйелі Е.Пешкованың араласуымен айдаудан босатылып, қайтадан оқу-ағарту ісімен араласады. Алайда бұндай еркін күндердің қуанышы ұзаққа созылмайды. 1937 жылдың 11 тамызында тұтқындалып, 8 желтоқсанында 65 жастағы Ахмет абыз ату жазасына кесіліп, НКВД жендеттерінің тирына ермек болады.

***

Жүрек арызы: Жуырда ғана Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған Ахмет Байтұрсынұлының жерлесі Е.Сағадиев мырзаның назарына ұлт ұстазы әрі жерлес, рулас атасының төмендегі мына сөздерін қаперіне ұсынамын. Білім саласына түрлі жаңалықтар енгізіп, эксперимент жасар алдында ғұлама ғалымның пікірлерімен санасқаны жөн болар…
Қазақтың асылы Ахмет 1924 жылдың 2 шілдесінде Орынбордағы қазақ-қырғыз білімпаздарының съезін-де: «…Жақсы әліппенің қасиеттері — жылдам жазылу, баланы оқытқанда әріптерінің бөлек-бөлек оңаша тұрып көзге түсуі, жазбасына баспасының ұқсастығы. Қазіргі қазақ әліппесінен жер үстінде жақсы әліппе жоқ. Латыннан анағұрлым озық әліппеміз тұрғанда босқа латыншыл болудың қажеті не? Латынның керегі жоқ. Латынды ауызға алу — еріккендік. Латынды орыс халқы алмағанда біз неге аламыз? Әріпке қызығып, бүкіл мәдениетімізден айырылып қаламыз ба? Латынның кемшілігі — кейбір әрпінің үш-төрт түрлі жазылуы, басқанда қосылып кететіндігі» деп кейіген еді. Бұл мәселе әлі де маңызды. Ахмет қалыптастырған, ел арасында «төте жазу» делінетін әліпбиімізден артық әліпбидің қажеті қанша!
Ұлт ұстазы: «Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: бірі — ақшаға, бірі — құралға, бірі — мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисамай, ауытқымай, түзу жүреді», — деген екен. Біздің қазіргі Білім және ғылым министрлігіміз Тәуелсіздіктен бері, міне, 25 жылда осы пікірді ескеріп пе! Ескерсе, еліміздің болашағы үшін жауапты министрлікке 14 министр келіп, әрқайсысы өзінің «эврикасын» ашпас еді. Ал Ахаң білім жолын, ғылым жолын «Мойындағы борышты білу — білім ісі, борышты төлеу — адамшылық ісі» деп түсінген адал жан еді.

Жүрек үміті: ҚР Үкімет басшысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың «Абайдан соңғы Абайы» (Қ.Сәрсекеев) екенін ескеріп, оның барлық әдеби мұрасын насихаттайтын оқу курсын ашып, оны мектеп пен колледж, ЖОО арнаулы пән ретінде енгізсе, қазақ жастарының бағыт-бағдары түзеліп, ұлттық рухы бабамыздың өткір сөздерімен қалыптасып, жүректері «қазақ» деп соғуына түрткі болатын еді, әйтпесе, бүгінгі жастар Абайды, Ахметті емес, көшелерде тұрған жарнамадағы KFS шалды жатқа біледі ғой…
ХХІ ғасырдағы компьютербасты ұрпаққа өткен тарихқа құрметпен қарап, ұлы тұлғаларымызды танып, қазақтың тілі мен діліне бас иіп, өткеннен сабақ алуын сұраймын. Білім министрлігі гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға (әдебиетшілер мен тарихшылар) жағдай жасаса, руханиятымыздың жағдайы түзелер ме еді.

…Ахмет Байтұрсынұлы — қазақтың “төлқұжаты”, Алты Алаш баласының ақылманы болған және де мәңгілік бола беретін қайталанбас тұлғасы!
Елдос Тоқтарбай