Мәңгілік ел,  ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең құратын әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атануы еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болуы еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болу керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы.

Мәңгілік ел – бұл қазақтың өткен тарихынан бастау алды. Тарихтан сыр шертер болсақ, біз қазақ не көрмедік. 550 жыл бойы көрген қиыншылығымыз қаншама. Терезесі тең, керегесі кең, шаңырағы биік еліміздің тарихы мен мәңгілік елдің ірге тасын қалап кеткен Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ елінің мәңгілік ел болуы, құрылуы осы кезеңнен бастау алды. Қазақ елінің мәңгілік ел болып қалуы үшін батырларымыз жоңғарлармен бетпе-бет келіп, қазақтың жерін жауға бермей, халық қорғаны бола білді. Ашаршылық жылдарында да қаншама  қазақтың қырылғанымен қоймай, бір-біріне айдап салып,қазақтың санын кемітіп, жан-жаққа бытырауына себептер болды емес пе? Ал Ұлы Отан соғысы жылдары аралығында қаншама боздақтар қан майданда ерлікпен шайқасты. Соғыстағы ұл-қыздарымыздың орны бір бөлек болса, тылда еңбек еткен қандастарымыз, ер кісінің ауыр қара жұмысын бір өзі атқарған қайран аналарымыз-ай! Ресейдің қол астында бодан болған шақта, ең маңызды байлығымыз болған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тілімізбен дінімізді жоғалтуға шақ қалдық. Жетпіс жыл орысша сайрадық. Бұл жылдарда елдің ел болып, ұлттың ұлт болып қалуы үшін ақын-жазушыларымыз қаламның ұшымен күресе білді. Бұдан кейінгі жылдарда да тәуелсіздік үшін болған күресте де жеңіске жетіп, 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бұл күн біз үшін, қазақ халқы үшін ұмытылмас асқан бақыт болды. Иә, ендігі күні біздің мәңгілік ел екенімізді бүкіл әлем мойындады.

Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәелсіздігіміздің тірегі – Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады.

Елбасы – Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алғандығын айтты. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен көрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Біз өзгенің қателігінен сабақ алуға тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана  – Мәңгілік Ел, біздің қолымызда. Байлығымызда, бақытымызда болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. Қазақстанда жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз, бабаларымыздың аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі – жастарда. Бұл үшін азаматтар тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қаруланып, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек.

ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын – жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз қазағымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесе демекпін. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Көз қарашығымыздай сақтау мәңгі мұратымыз!

Байкенжеев  Ермек  Бексұлтанұлы