Экстремизм деген латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, тәртіпке бағынбау, өз пікірімен ғана іс – әрекет жасаушы деген ұғымды білдіреді. Экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындайды, яғни олардың ойы «тек қана менің пікірім дұрыс, өзгенікі бұрыс дегенге саяды». Бұл оның ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Сондай ақ тағы бір көрінісі – өзгелерді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу. Олар өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызады. Тура жол көрсеткендерді мойындамайды. Міне осы себептерден, түрлі төңкерістер мен қантөгістерден орын алуы ықтимал.

Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Тіпті өздерін құрбан етуге әзір. Осылайша күш, қару қолдану және заңдар сенім – нанымдарды аяққа таптап, дін атын бүркемелеп, діттегендеріне жетуге тырысады. Өзі үшін бөгде пікірде саналатындарды түрлі амал – айлалармен арандатуды ойластырады. Экстремизм діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып көрсетіп, халыққа түймедейді түйедей етіп көрсетіп бағады. Мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып баққан, бөгде, бөтен пасық пиғылды адамдардың өңмеңдеп арамызды арамдап жатқан жасырын емес. Сол ағымдардың алдауына, азғыруына көніп, солардың қарамағына ілінген, қарагөз бауырларымызды ойлағанда, өзегіме өрт түскендей өкінішті сезесің. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың, рухани дүниенің таяздығы салдарынан осы теріс ағымдардың қол – шоқпары бола, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып жүр.

Құдайға шүкір, Қазақстан саяси тәуелсіздік алғаннан бері еліміз бұрын-соңды болмаған жоғары жетістіктерге ие болды. Адамдардың әл-ауқаты да артып, тұрмыс деңгейі де күннен-күнге жақсара түсуде. Оны көре алмайтын,

барлық мақсат-мүддесі үстемдік жүргізу болып табылатын діни экстремистік ұйымдар біздің ұлтаралық, дінаралық татулығымызға іріткі салу үшін жанталасуда.

Ақиқатын айтар бол-сақ, жалғыз Ислам ғана емес, әлемдегі қай дін де өз табиғатында экстремизмге жат. Әлемде лаңкестікті, экстремизмді, соғысты жақтайтын бірде-бір дін жоқ. Ислам діні де солай. Оның жарқын жол көрсетушісі қасиетті Құран Кәрімде бір адамның өмірін қию бүкіл адамзатқа жасалынған қастандық ретінде бағаланады. Жалпы, қазақ даласындағы Ислам дәстүріне фанатизм әубастан-ақ жат болған. Бізде еш уақытта да діннің зайырлы билікке қарсы тұруы да орын алып көрген жоқ.

«Ислам экстремизмге қарсы» деген тақырыпта, мектепте «Зайырлылық және дінтану негіздері» сабағында әңгіме қозғап отырғанымда, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде Исламдық қауіп-қатер туралы айтқан парасатты ойлары менің есіме еріксіз оралады. Мемлекет басшысы бұл жөнінде өз кітабында: «Исламдық қауіп-қатер» деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді ислам тарапынан болатын мифті қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақтылы қорғаудың қажеттілігін сөз ететін кез келді» деп айтқан болатын.

Осыдан түйінді түйсек, келешек қоғамның алтын тірегін сақтап қалу керек болса, ибалы адам, иманды сол тіршіліктің алтын тірегіне айналсын демекпін. Осындай тілекпен бүгінгі қоғамымызды дөп басар кезінде ұлт зиялысы, ел жанашыры Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты өлеңінің мына бір жолдарымен қорытындылағым келеді.

Оян, қазақ!

Оян, қазақ! Өз дініңді ұмытпа,

Дініңді сен ардақтағын, құнтта!

Көз алдыңда тура жолың тұрғанда,

Қателесіп жаман жолмен былықпа!

Жакыпбекова Айжан Махамбетжановна,

Қарағанды облысы, «Теміртау қаласы,

№4 ЖББОМ» КММ