ХХІ ғасыр адамзат тарихында жаһанданудың дауылды дүлейімен күресуімен басталды. Барлық мемлекеттер ұлттық мүдделерін көздің қарашығындай сақтап қалуға әрекет жасауда. Жаһанданудан қорғайтын бірден-бір күш ұлттың тілі, дәстүрі, салт-санасы, тарихы, рәміздері мен жері болмақ.
Болашақ мемлекеттің қуаты бүгінгі өскелең ұрпақтың қайраттылығымен өлшенбек. Бүгінгі бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, ұлттық менталитетіне ұлтшылдықтың дәнін егу қажет. “… Бізге керегі шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, нағыз әдебиет пен өнерін жасайтын тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті”,-деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәрбиенің тал бесіктен екенін баса айтқан болатын.
Қазіргі таңда мемлекет білім мен ғылымға үлкен жағдай туғызып келеді. Президенттің тікелей бақылауында тұрған ұлттық тәрбие бүгінгі күннің өзегі болып тұр. Жас оқушылардың дарыны мен қарымын оңтайландырып, оларға жағдау туғызу ұстаздың міндеті. «Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек»,-деген Н.Назарбаев бұл күндері дарындыларға дара жол салып, оларға үлкен мүмкіндіктер жасап келеді.
«Дарынды тұлға – халқымыздың ең қымбат байлығы» деген сөздерді Елбасымыз текке айтпаса керек. Қазіргі оқыту жүйесінде жаңаша мазмұн – жас ұрпақтың әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруінің басты нысаны болып отыр. Тұлғаға бағытталған білім оның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын екшелеп, пән ерекшелігіне қарай қолдана білсек, ұтарымыз көп. Өйткені жеке тұлғаға бағытталған білімнің бүгінде нәтижесіз болмайтындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген. Алдымызда отырған әрбір баланың жүрегіне жол тауып, өмірде өз орнын таба білетін, келешегі кемеңгер, ұстанымы нық балаларды дөп басып тану қажет. Оқушыларды алған білімін өмірде дұрыс қолдана алатын, еліміздің келешегіне өз үлесін қосатын шәкірт етіп тәрбиелеу, білім беру ұстаздар қауымының басты мақсаты деп түсінемін.
Бала жанына үңіле қарап, оның дамуына, болашағының жарқын болуына атсалысу ұстаздардың басты міндеті. Оқушының өзгерістерді дұрыс қабылдап, бейімделуіне күш салуымыз керек. Ол үшін сол өзгерістерге мұғалімдер де дайын болуы қажет.
Дарынды балалармен жұмыс білім мекемелері мен мемлекет қолдауын қажет ететін үздіксіз үдеріс. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуын және адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі.
Дарын дегеніміз адам бойында негізінен ана сүтімен, ата тегімен даритын қасиет екенін өмір тәжірибелері дәлелдеп отыр. Дарындылық-белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі. “Дарындылық” ұғымы “сый” (“дар”) деген сөзден шыққан. Дамудың қолайлы ішкі алғышарттарын білдіреді. Н.Ожеговтың сөздігінде дарындылық “табиғаттан берілетін ерекше қабілет” деп түсіндіріледі. Ертедегі Қытайда дарынды балаларды “Шэнь тон”, яғни «киелі бала» деп атаған. Батыс хан патшалығында жалпы дарындыларды іріктеп тәрбиелейтін әдістемелік “Тоңцзыкэ” деп аталатын арнайы ереже болған. Және ол арнайы бөлімнің қызметін атқарған. Әлем және қазақ тарихынан біз, Моцарт, Рафаэль, Пушкин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов сынды дарынды адамдар өткенін білеміз. Қазіргі кезеңде де талай талант иелерінің қасиеттері туралы газеттерде жарыққа шығып жатыр. Бүгінде дамыған елдердің қатарынан көрінуіміз үшін дарынды балардың қабілетін ашып, олардың білігі мен қасиеттерін Отан үшін пайдаға асыру қажет. Бұл ретте педагогика саласының атқаратын қызметі ерекше. Дарынды балалар мектеп бағдарламасын жылдам меңгереді. Зеректік, байқағыштық қасиеттері жоғары болады. Олардың көпшілігі өз уақыттарын шығармашылық жұмысқа арнайды. Сурет салады, өлең жазады. Мысалы, Ч.Дарвин көп уақытын көбелек қуып, коллекция жинауға бөледі екен. Дарын өкілдеренің қуат-қабілетінің шарықтайтын шегі болады. Мұндайда олардың санасы барынша өткірленіп, мейлінше айқындалады. Бақылампаздығы онан сайын арта түседі.
Дарынды балаларды анықтау – баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы: сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Дарынды балаларды қалай тануға болады? И.С.Лейтес қабілетті балалардың үш категориясын көрсетті. Олар:
- Ақыл – ой деңгейінің жоғарлығы ерте кезден байқалатын балалар;
- Пәндерге және әр түрлі іс-әрекетке қабілетті балалар;
- Қабілеттері айқындалмаған потенциалды балалар.
Дарынды баланың дарынды ересектен ерекшелігі – ол әлі толық қалыптаспаған тұлға, оның болашағы анықталмаған. Оның қабілеттерін дамыту қажет. Платон, А.Кастлер, Ф.Гамильтон сияқты ғалымдар дарындылық туа біткен қасиет деген. Декорт, Гообс, Локк сияқты ғалымдар дарындылық адам баласының даму барысында тәрбиеге байланысты дейді. Сонымен, психологиялық педагогикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша дарынды баланың бейнесі анықталды.
- Интеллектуалды және ақыл-ой белсенділігі бар бала сөйлеу белсенділігінің жоғарлығымен, ойының ұшқырлығымен, байқағыштығымен, мәселені шешуде жан – жақты жолды қарастырумен, тәуелсіздігімен, құрдастарының арасында көсем болуымен, есте сақтауының беріктігімен т.с.с қасиеттерімен ерекшеленеді.
- Бейнелеу өнері бар бала – сурет салуға көп уақыт бөлуінен, көргенін есте сақтауымен, сурет сабағын жақсы көретіндігімен ерекшеленеді.
- Әнге қабілеті бар балалар – ән сабақтарына аса қызығушылықпен қарайды. Ритмикалық бөліктерді оңай қайталайды, таныс әуендерді бірінші дыбыстан таниды.
- Қозғалыстың белсенділігі бар бала жаттығуларды орындауда тепе-теңдік сақтайтын, қозғалысты жақсы көретін, өзінің жасына дене күші күшті болып келеді.
Дарындылықты анықтауда сан түрлі әдістер мен тәсілдер қолданылады. Бала бойындағы дарындылықты анықтау үшін психологиялық диагностикалар, (әдістемелер тесттер, сауалнамалар, эксперимент зерттеуі) т.б. қажет. Дарындылық диагностикасы балалардың қабілеттілігін бағалауға негіз бола отырып, оларды саралауға мүмкіндік беретін қызметті атқарады. Сондықтан балалар дарындылығының диагностикасында әдістерді таңдау мен қолдануда педагогикалық жағынан аса мұқият болған жөн.