Күн санап өміріміз экранға тәуелді боп барады. Ақпарат, ғылым, үкімет, нарық та ғаламторға телміріп отыр. Ал енді адамдар арасындағы қарым-қатынасты да ғаламтор шешеді. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желілерде «әңгімелеседі». Әлеуметтік желі – адамдардың бір-бірімен ғаламтор арқылы өзара байланысын қамтамасыз ететін ғаламтор ресурсы.
Әлеуметтік желілердің ақпарат қоғамындағы рөлін көрсету үшін бірнеше статистикалық мәліметтерге тоқталсақ:
– Әлемдегі отыз жасқа дейінгі адамдардың 50 пайызы, жаңа ғасырда туылғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады;
– «Facebook»-тің апталық трафигі «Google»-дікінен де асып түсті;
– Әлеуметтік желілер порнографияны да артта қалдырып, ғаламторда уақыт өткізудің ең кең тараған әдісіне айналды; (Порнографияны басып озу осы уақытқа дейін ешбір интернет жобаға бұйырмаған);
– АҚШ-тың әрбір сегізінші жұбы әлеуметтік желілер арқылы танысқан;
– 50 миллион қолданушыны өзіне қарату үшін радио отыз сегіз жыл, телевизия он үш жыл, интернет төрт жыл талмай қызмет етсе, әлеуметтік желілердің тек біреуі – «Facebook» бір жылда 200 милллион адам жинады;
– Егер «Facebook» мемлекет болғанда, халық саны бойынша үшінші орында тұрар еді. Себебі 800 миллион қолданушысы бар.
– Компаниялардың 80 пайызы кадр табуда әлеуметтік желілерге жүгінеді;
– Леди Гага мен Джастен Бибердің твиттердегі қонақтарының саны Қазақстан халқынан да көп;
– «Facebook»-та тіркелушілер саны Қытай халқының өсу үдерісінен де асып түсуде.
Осылардың өзінен-ақ әлеуметтік желілердің қалың көпшілікті өзіне тартып, бұрын-соңды болмаған алып күшке айналғанын көруге болады. Бір ғана Америкада жаңа медианың дамуына байланысты талай баспасөздің редакциясы жұмысын тоқтатты, талай газет-журналдар таралымы азайып, шығынға батты. Бұл – оқырман үшін ақпараттанудың жаңа, тиімді әдісі. Бір ғана мысал, газеттен, телевизиядан, радиодан ақпаратты іздейсің, күтесің, ал әлеуметтік желіде «мынандай-мынандай жаңалықтар» деп ақпарат өзі келеді. Бұл – жаңа серпіліс.
Бұл серпіліс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бізде де халық тиімді деп таныған әлеуметтік желілерін пайдаланып жүр. «Internet World Stats»-тің есептеуі бойынша, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желілердің қатарына «Мой мир»-ді (күніне
1 125 000 қаралым), «Одноклассники» – ді (күніне 558 000 қаралым), «Вконтакте»- ні (күніне 525 000 қаралым), «Facebook»-ті (күніне 410 000 қаралым), және т.б. жатқызуға болады. Атап өткен жөн, қазақстандық ешбір сайт, портал мұндай кең аудиторияны қамти алған жоқ.
Күніне үш жүз елу мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді екен. Шын мәнінде, агент – ақпарат алмасудың әрі тиімді, әрі арзан жолы. Дегенмен күні агентпен өтіп жатқандар да табылады. Біз бұл өмірге өзгелер өмірін білу үшін немесе тек ақпарат алмасу үшін емес, ең алдымен, шын өмір сүру үшін келдік.
«Агенттегі достық», «агенттегі махаббат» деген терминдер пайда болып, кеңінен қолданылып та жүр. Агентпен танысып, үйленгендер де жеткілікті. Оларды бірегей нашар тұрып жатыр десек, өтірік те болатын шығар. Бір жағынан алып қарағанда, бұл – екі адамның танысуы үшін өте қолайлы әдіс. Мысалы, бір қалада немесе бір ауданда тұратын адам ең көп дегенде қанша адаммен араласа алуы мүмкін? Қанша адаммен жеке сөйлесіп араласуға болады? Бәрімен сөйлесе беруге уақыт та жетпейді. Ал әлеуметтік желі арқылы миллиондаған адамдардың ішінен өзіңізге «жүзі жылы» көрінгеніне «достық» ұсынысын жасап, сөйлесуге, кейінірек шынайы қатынастар жасауға мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, «агент» арқылы махаббатқа қатысты бәсеке артады. Әлеуметтік желілер «ең ыңғайлысын таңдауға» белгілі бір дәрежеде көмектеседі. Бірақ виртуалды өмір шын өмірге ешқашан жетпейді. Виртуалды жақындық, виртуалды әңгіме сіз қолданатын жалғыз әдіс болмауы тиіс. Оның да басталу және аяқталу кезін білген жөн. Виртуалды әлемдегі «ол» оның шын өмірдегі бейнесінің тура көшірмесі бола бермейді.
Зерттеулерге қарағанда, әлеуметтік желілерде әрбір екінші адам өзі жайлы өтірік мәлімет жазады екен. Оның ішінде:
– 29 пайызы есім мен жасқа қатысты;
– 23 пайызы отбасылық жағдайы жайлы;
– 22 пайыз түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы;
– 17 пайыз білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтады.
Әлеуметтік желілердің кең тарауына себепші психологиялық факторларды төмендегідей жіктеуге болады:
1. Арманын виртуалды түрде шын сияқты көрсете алу. Яғни шын өмірде өзі жете алмаған жетістіктерді, өзіне бұйырмаған дүниелерді виртуалды әлемде қолы жеткендей көрсете алу. Мысалы, өз түр-келбетіне қанағаттанбайтындар өз суреттерін қалағанынша сәндеп қояды, немесе өзге біреудің суретін енгізеді, өзіне ұнайтын көлікті өзінде бардай көрсетеді, т.б.
2. Қалаған адамыңмен тез араласып, тез араны үзе алу;
3. Өмірде айта алмайтын ойларыңды еркін жаза алу;
4. Жаңалыққа деген құштарлық. Жаңалық, ақпаратқа деген құштарлық адам баласында болатын дүние. Ал әлеуметтік желідегі миллиондар арасында болатын мыңдаған ақпарат оны қанағаттандыра алады;
5. Өзіңе керек сәттегі әңгіме; шын өмірде саған ойыңды бөлісуге, ішіңдегіні ашып әңгімелесуге қашанда ыңғай бола бермейді. Қол бос емес боп қалады, т.с.с. ал «агентте» сөйлесу қажеттілігін қашанда қанағаттандыруға болады.
Осындай мүмкіндіктермен қоса, «агенттің» кері әсерлері де жоқ емес:
1. Уақытты жоғалту. Өмірдегі ең құнды дүние – уақыт. Ол ешқашан кері оралмайды. Ал «агенттің гүлдері» сол баға жетпес сәттерді бос әңгімеге жұмсауда;
2. Шын өмірден алшақтау;
3. Шындыққа жанаспайтын ақпараттардың тез тарауы, т.б.
Бұл тек бізге көрінетіндері ғана. Шын мәнінде, әлеуметтік желілердің «сырлы зияндары» анағұрлым тереңірек.
Әлеуметтік желілер – адамдар туралы ақпарат жинау мақсатында ойлап табылған дүние. Әлеуметтік желіге тіркелу барысында біз есімімізді, лақап атымызды, фамилиямызды, туған жерімізді, мекенжайымызды, қызығушылықтарымызды, тіпті телефон нөмірімізді енгіземіз. Өзіміз жайлы бастапқы толық ақпаратты осылай өзіміз береміз. Мүмкін сіз мұның бәрін жалған ақпаратпен толтырғыңыз келетін шығар. Бірақ ондай жағдайда достарыңыз сізді қалай таппақ?
Одан кейінгі біздің әрбір әңгімеміз ақпарат. Өзіміз жайлы, өміріміз, қызметіміз, компания, мемлекет жайлы ақпарат. Мәселен, «Мой мир» әлеуметтік желісінде өз жазбаларыңыздың мұрағаттан көруге болады. Оны жоюға да мүмкіндігіңіз бар. Бірақ ол бәрібір сақталып қалады.
Жалпы, сіздің әрбір әрекетіңіз, яғни кіммен дос болдыңыз, кімге не жаздыңыз бәрі де сақтаулы. Керек десеңіз, IP адресіңізге дейін. Оның бәрі сайт бақылаушыларының уысында. Демек, оларды қалаған кезінде пайдалана алады. Мүмкін сізге қарсы, мүмкін өзге мақсаттарда. Бір сөзбен айтқанда, олардың назарына іліге қалсаң, мұрағатыңды ақтарып жіберіп, шикілік таба салады.
Бір сәтке ойланып көріңізші, сіздің осы уақытқа дейін жазғандарыңыз-
дың арасынан болашақта сізге қарсы қолданылуы мүмкін нәрселер табылмай ма? Оны былай қойғанда, бірде-бір рет өзгелер білмегені дұрыс сайтқа кірмедіңіз бе? Әлеуметтік желі сіздің қандай сайтқа кіргеніңіз де қадағаланылып отырады. «Маған ұнайды» дегенді басу арқылы мен осында келдім деп ақпарат бересіз.
Қазір әлеуметтік желілерге сурет қою сәнге айналған. Кез келген смартфон, i-phone немесе android жүйесіндегі телефонмен түсірілеген сурет жайлы толық ақпарат алуға болады. Тіпті оның қай жерде түсірілгеніне дейін. Картадан анық көрсетіп те береді.
Бұл – мемлекет үшін, әрбір адам үшін үлкен қауіп. Ақпараттық соғыстың ең өтімді қаруы өзіміз берген мәлімет емес пе? Осы қаруды «біреудің қолына ұстатып бермеу үшін» тез арада шаралар қолдану керек.
Мемлекет үшін ең дұрысы – өзіміздің төл әлеуметтік желілерімізді дамыту. Бізде on.kz, nur.kz сияқты әлеуметтік желілер біраздан бері қызмет көрсетуде. Бірақ олар «керемет» жетістікке жете қойған жоқ. Өз әлеуметтік желімізді кең қолданысқа енгізу үшін бізге, ең алдымен, шетелдік әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін толық игеру керек(чат, m-agent сияқты бағдарламаларды орнату, т.б.). Екіншіден, өзімізге тән ерекше дүниелерді қоса білу(мысалы, ру, жүз туралы, және т.б. өзге желілерде жоқ дүниелерді енгізу). Егер өз әлеуметтік желімізді жөнге қоя білсек, мемлекеттік құпиялардың тарап кету, мемлекет мүддесіне қарсы ақпараттардың тарау қаупін біршама жояр едік. Бұл тек мемлекеттік тұрғыдан.
Ал жеке адамдар үшін әлеуметтік желіде мейлінше аз ақпарат алмасқан жөн. Жазғаныңыздың ертеңгі зиянын да ойлау керек. Ақпараттық тәуелділік ешкімге ұнай қоймас…
Айдос ӘРІПБАЕВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ студенті