Бүгінгі таңда, туған тілге деген көзқарасы, тағдырына алаңдамайтын  қазақ жоқ шығар деп жүрсем, оңбай қателесіпін.

Таяуда бір қандас профессор «Мне западло разговоривать по-казахски» дегені бар. Сонан көшеде кетіп бара жатсам, әжесі немересіне ұрысып жатыр, сондағысы «Машинаны соропиться етпе, папа ругаться еттеді» деді. Автобуста елуден асқан отағасы ұялы телефон арқылы сөйлескенін естіп қалдым.

– Привет қалайсыңдар?

– Ничего нормально,

– Новый годта қайда боласыңдар?

– Если что, бізге приезжайте?

– Давай пока мен тебя love деп отыр.

Орысша қазақша араластырып сөйлейтіндерді құдайдың құтты күні көріп жүрміз, енді ағылшыншаға ауыз сала бастағанын естіп тұрып қалдым. «Үш тұғырлы тіл» саясатының жемісін бере бастағанының айғағы. Бәрі дұрыс. Тіпті заңды. Бір емес, бірнеше тіл білген жақсы. Заман талабы солай XXI-ғасыр, бірақ ескертпе бар. Ол—өз ана тіліңді ұмытпау. Тарих сахнасынан сан ғасырлық мәдениеті, салт-санасы, өзіндік ойлау, түйсіну, қабылдау жүйесі бар бір ұлттың жойылып кетуі әлемдік деңгейдегі қасірет.

Бүкіл әлем елдерінің тәжірибесінде, еңселі ел тірегінің іргетасы, тұғыры—мемлекеттік тіл екендігі дәлелдеуге қажет етпейді. Ұлттық тіліміздің мұңын жоқтаған сайын өліп бара жатқан дәрменсіз пенденің кейпін көз алдыма елестетемін. Кеңес одағының құрамынан енді шыққан жылдары батпаққа белшесінен батса, бүгінгі күні қылқиып мойнымен жұп-жұмыр басы ғана көрінеді. Жәрдем сұрамақшы болып айқайлайын десе, айналадағы адамдар оның тілін түсінбейді немесе түсінседе түсінгісі келмейді. Ащы болсада бүгінгі күнің шындығы. Өз шаңырағында өзі қожалық жасай алмай, босағада қалған адамның кейпіндеміз.

Алла тағаланың 18000 мың ғаламның ішінен ең сүйікті құлы адамды жаратып, оған ғана тіл берген. «Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» (Ахмет Байтұрсынұлы) ұлт намысының биік шыңы, елді тұтастырудың, танытудың кілті. Адам күллі тіршілік иесінен ойлау санасы мен сөйлесу арқылы дараланады. Дүниежүзінде қалыптасқан қағида бойынша, әрбір өркениетті дамыған елдерде саналы азаматы қай елде тұра, сол елдің тілін жақсы айта білуден тыс жаза білуге міндетті. «Екі қолға бір күрек» дегендей, қатардан қалмай, айдың-күннің аманында егемен елде тұрып ана тілінен айырылу барып сорақылық. Тілін құрмет тұтқан елдің рухы биік ал, рухани байлығынан айырылған ел бәрінен де айырылады. Мәңгүрттікке тап болады.

Осы күннің кемшілік тұстарын 1894 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы (36 жасында мендей кезінде) шығарған «Тағы сорлы қазақ» деген өлеңінде былай депді;

Салынған  қала  жоқ,

Оқытқан  бала   жоқ,

Қолында  өнер  жоқ,

Ғылымда  дана  жоқ.

Қалалық  жері  жоқ,

Еңбектің  тері  жоқ,

Пайдасыз  шығыншыл,

Қазақтан  сері  жоқ,

Қазынасы тағы жоқ.

Басында  бағы жоқ,

Партия,  барымта….

Ісінің  ағы   жоқ.

 

Қуаты,  күші  жоқ,

Сырты  бар,  іші  жоқ.

Артына  қам  қылып,

Ұмтылған  кісі  жоқ.

Көретін  көзі  жоқ,

Ұғатын  сөзі   жоқ.

Қазақтың  бұл  күнде

Аты  бар,  өзі жоқ.

 

Түзелер  кезі  жоқ,

Түзетер  тезі  жоқ.

Жер  жүзі  халқының

Қазақтан  езі  жоқ.

1922 жылы большевиктер Шәкәрім қажыны Семейге шақыртып «Жаңа үкіметтің кеңесшісі болыңыз» дегенге, келісімін береді, бірақ іле-шала қателескенін мойындайды. Сондағы Шәкәрім қажының көңіліне қонбайтын өрескел заңдары жиіркендірді. Қызметінен бас тартты.

  1. Құдайды жоққа шығару адамзат тарихын жоққа шығару болып табылады. Сан ғасырлар бойы жинақталған адамның ақыл-ойымен парасатын қорлау, аяққа басу, жаншу болып саналады. Егер осылай бара берсе, Кеңес одағы әлемдегі ең қатыгез нағыз қарақшы елге айналады, болашағы ұзаққа бармайды, шаңырағы быт-шыт болып қақ ортасына түседі. Айтқаным айдай келіп, бүкіл әлем Кеңес одағынан ат-тоңын ала қашатын болады.
  2. Бай-кулактарды жаппай құртамыз деуі адамның ақылына еш қонымсыз. Өйткені, қазақтың дүние танымында қайырымды және қайырымсыз байлар болды. Қайырымсыз баймен ешкім араласпайтұғын, ал қайырымдысы халқына қамқор болып көмектесетін. Бір бай бір ауылды асырайтұғын. Осындай адамдардың барлығын атты, асты, сібірге айдады, ойына не келді соны істеді, олардың орнына тексіз жағымпаз оқымаған надандарды болыс қылып ел билетті. Олар «шаш ал десе, бас алып» әпербақан ұрда жыққа салынды.
  3. Танитын, танымайтын, білетін, білмейтін адамдар бірін-бірі «жолдас» деуі адамның күлкісін шақырады. Себебі, адамдардың қарым-қатынасында танымайтын адамды «жолдас» демейді. Ал, Коммунистер болса жасы үлкеніде, кішісіде бірін-бірі «жолдас» дей береді. Жүре бара бұл сөздің қадыры кетеді, бірін-бірі алдайды. Көзінше мақтап, сырт айлана даттап, жаппай өтірік айтумен бірге жоғары жаққа өтірік ақпарат беру, көзбояушылықпен айналыса бастайды, ақыры жамандыққа апарып соқтырады.

Осы  сөздерден кейін Шәкәрім қажыны көріпкел данышпан екеніне сөз жоқ. Нострадамус пен Ванга әжей жолда қалады екен. Арадан 120 жыл өтседағы өзгерейін деген бір қазақ көріп тұрғаным жоқ. «Сол баяғы жартас сол жартас» күйінде еш мызғымастай қатып тұр, оған шекара не екенін білмейтұғын ғаламтордағы атам қазақ бұрын-соңды естімеген қулық-сұмдықты қосыңыз. «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер» Асан қайғы айтпақшы, бүгінде мен «Тілі жоқта, діні жоқ, қазақ қайтып күн көрер. Істейін десе, ісі жоқ қазақ қайтып күн көрер» демекшімін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні адамды қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз, жүрекке жылы жетіп жүйкесін босатады. Адамзат мәдениетінің алғы шарты дұрыс сөйлей білу. Түсіне білгенге сөйлей білу де үлкен өнер. Тілін білмеген түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады. Шәкәрім қажы «Аталы сөз баталы сөз» дегенде осы дұрыс сөйлей білуді айтса керек.

 

Жұмамұрат  ШӘМШІ