Тіршіліктің мәні – жүрегіңе жақын, өмірлік серігіңді тауып, бақытты отбасын құру, парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Отбасы – барша адамзат үшін ең қастерлі ұғым. Қазақтандық телевизияда отбасылық құндылықтарды насихаттайтын жаңа «Қалаулым» атты реалити-шоуы түсіріліп басталды. 

Ең алдымен, өз махаббатын жолықтырудан үмітті жандар үшін «Қалаулым» жобасы – бұл өмірлік серігін жолықтырып, отбасылық бақытқа қол жеткізудің бір мүмкіндігі. Бәлкім, әлдекім өзі армандаған танымалдылыққа қол жеткізер.

Ал қалың көрермен үшін бұл болжап болмайтын түрлі бетбұрыстарға, жүректі тебірентер жайттар мен түрлі тосынсыйларға толы, қызықты шоу болмақ. Қысқаша айтқанда, мұнда өз махаббатын іздейтін, және жоба түсірушілері қадап тұрып айтқандай – отбасын құруға талпынатын адамдар кездеседі.  Ұзаққа созылмайтын, ешбір міндеттеме жүктемейтін қарым-қатынасты  іздеушілер іріктеу кезеңінде-ақ шығып кетеді. Себебі жобаның басты мақсаттарының бірі – отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Екі жас танысқан сәттен бастап, отбасын құрғанға дейінгі сезімге толы кезеңге көрермен куә болады. Жобаның түсірушілері атап көрсеткендей, бағдарламада салт-дәстүрімізге жат, ұлттық құндылықтарымыздан алыс ешбір көріністер болмайды. «Қалаулымның» алаңында әрбір қатысушының күндей күлкісі де, жүректі тебірентерлік сезімдері де, қуаныштың немесе күйініштің көз жасы да, риясыз жүрекжарды сөздер де – барлығы болады.  Бір сөзбен айтқанда, әрбір көрерменнің жүрегіне жол табарлықтай шынайы жоба болмақ. Себебі шоудың басты сценарисі – өмірдің өзі. Жобаның қызықтығы мен қиындығы да осында – реалити-шоу болжап болмайтын жайттарға толы болады. Ал жобаның түсірушілері тәжірибелері мен білімдеріне сүйене отырып, орын алып жатқан жайттарға жылдам икемделе алады. Алаңда орын алатын жағдаяттарды бақылау сонысымен де қызықты болмақ.

Шоуды осыған дейін телевизиялық жобаларда жүргізушілік қырымен танылып жүрген Аша Матай жүргізеді. Ашаның айтуында «Бұл – нағыз салт-дәстүрімізге сай,отбасы құру жайындағы жоба. Берік отбасын құруды насихаттайтын реалити-шоу».

«Қалаулым» жобасы 18 шілдеден бастап,  жұмыс күндері сағат 12:00-де Еуразия бірінші арнасы эфирінен көрсетіледі.