Ақмола облысы, Целиноград ауданы білім бөлімінің №5 Ақмол орта мектебінде бүгінде 1225 оқушы тәлім алуда. Мемлекеттік мекеменің директоры Тойлыбек Атамұратұлы мырзамен оқу үрдісі жайлы сұхбаттасу сәті түсті.
– Тойлыбек Атамұратұлы, №5 мектеп үлкен мекемелердің бірі екені белгілі, әңгімені ұжымнан бастасақ…
Соңғы 4 жылда осы мектепті басқарамын. Мектептің педагогикалық ұжымында 110 мұғалім мыңнан астам шәкіртті білім нәрімен сусындырып, қоян-қолтық еңбек атқарады. Педагогикалық ұжымда ұрпағының жарқын болашағын ойлайтын ардақты аналар да, отанымыздың кемелді болашағына сенімді абзал әкелер де, елі үшін еңбек етіп, үлес қосуға дайын Тәуелсіз Қазақстанның жастары да бар. Ұжымымда еңбек ететін арнайы білімдері бар, жоғарғы санатты 22 мұғалімнің, бірінші санатты 29 мұғалімнің және екінші санатты 21 мұғалімдердің көмегімен оқушыларымыз сапалы білім игеріп, саналы тәрбие алумен қатар түрлі шығармашылық, спорттық үйірмелерде өздерінің әлеуеттерін жан-жақты дамытуда. Өткен оқу жылын 496 оқушы «өте жақсы» және «жақсы» аяқтап, білім сапасы 45 пайызды құрады. Мектебіміздің түлектері жоғарғы және орта-арнаулы білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, шетелдік компанияларда еңбек ететін түлектеріміз, журналистер бар.
– Өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
Мен, Абай атындағы Мемлекеттік университетінің 1993 жылғы түлегімін. Жоғарғы оқу орнын физика және информатика мамандығы бойынша тәмәмдағанан кейінгі жылдары Целиноград ауданының мектептерінде басшылық қызметтерін атқардым. Жалпы педагогикалық еңбек өтілім 23 жыл. 2014 жылы Кембридж бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында бірінші «ілгері» деңгейі бойынша біліктілігімді арттырдым. Өзімнің барлық білімім мен біліктілігім негізінде болашағы жарқын, қуатты Қазақстанымыздың жан-жақты дамуына қомақты үлес қоса алатын ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосып жүргенімді мақтан етемін.
– Басқару процессінде қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланасыз?
Осындай ауқымды, мәнді де маңызды іс-шаралардың басы мен қасында, әрине, мектебіміздің ұстаздары тұр. Мектептің мұғалімі бүкіл қоғамның айнасы іспетті. Мектепте алған тәрбие мен білім болашақтың рухани азығы болып есептелетіні сөзсіз. Сондықтан оқушыларымыздың саналы тәрбие мен сапалы білім игеруінің басты шарты ретінде мұғалімге жасалған жағдайлардың дәрежесін атап өткім келеді. Сол себепті басқару үрдісінде, «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» демекші, ұжымда еңбек ететін педагогикалық өтілі, өмірлік тәжірибесі көп мұғалімдермен кеңесіп отыруды дәстүрлі үрдіске айналдырғанмын. Көпшіліктің пікірімен санаса отырып, басқарудың оңтайлы жолдарын, әдіс-тәсілдерін пайдалануға тырысамын.
– Үздік оқушылар мен ұстаздар, мектеп қабырғасында жеткен жетістіктеріңізбен бөліссеңіз?
Мектебімізде оқушыларымыздың шығармашылық әлеуеті мен тұлғалық ерекшеліктерін дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Оқушыларымыз түрлі деңгейдегі спорттық, мәдени, шығармашылық іс-шаралар белсенді қатысып, айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Атап айтқанда, Лукашевич Константин – 11 сынып оқушысы, география пәні бойынша облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанып, олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысты. Кержикеева Жәния – облыстық «Зерде» бағыты бойынша ғылыми жобалар сайысының 3 орын иегері, ал, Умурбекова Алтынай – 7 сынып оқушысы, «Зерде» бағыты бойынша ғылыми жобалар сайысының 3 орын иегері атанды. Жетістіктерге ие болғандар қатарында облыстық бейнелеу өнері және қолданбалы өнер байқауларының жүлдегерлері Котенко Арина, Серікбаева Гүлсара бар. Ергедьдинов Бек, Ідіріс Дәмелі, Калинцева Маргарита – облыстық әдеби байқаулардың жеңімпаздары атанды. Ергельдинова Айша, Әбдігаппар Абылайхан – ұлттық тоғызқұмалақ ойыны бойынша облыстық сайыстардың жүлдегерлері, ал, Баянов Әнуар, Аубакиров Әділ – каратэ спорты бойынша облыстық дәрежедегі чемпиондары атанды. Кобрусев Кирилл – баскетболдан облыс чемпионы, Котенко Егор – футболдан облыс чемпионы атағына ие болды. Ұлттық спортымыз, қазақша күрес бойынша спорт шеберінің кандидаты атанған Қонысбай Арай мектебіміздің мақтанышы болып табылады. Оқушыларымыздың арасында республикалық өнер байқауларының жеңімпаздары бар. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер арасында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Самға, жұлдыз» атты ән байқауына қатысқан Амирова Аружан жүлделі 3 орынға ие болса, Жақсылық Дана, Асқарбекқызы Дана, Төлеуова Айжан осы байқаудың дипломанттары атанды.
– Тәуелсіздіктің 25-жылдығына орай қандай іс-шаралар ұйымдастырдыңыздар?
Ағымдағы жылы қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі болған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланады. Біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміздің тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылуы әр қазақстандық үшін ең үлкен мәртебе деп есептеймін. Осыған орай, мектебімізде түрлі іс-шаралардың кешенді жоспары жасалып, жүзеге асырылуда. Бұл жоспар аясында Ерлік сабақтары, елордамыздың тарихи мұражайларына саяхаттар, еңбек ардагерлерімен тақырыптық кештер мен кездесулер, өнер байқауларының апталықтары мен Достық фестивальдері, шығармашылық байқаулар, қолөнер көрмелері, ғылыми-практикалық конференциялар, тақырыптық Дөңгелек столдар отырыстары мен дебаттар жоспарланып өткізілуде.
– Мектепте қандай жаңа бағдарламаларды ұстанасыздар? Сауаттылық қандай деңгейде?
Биылғы оқу жылының бірден бір ерекшелігі 196 бүлдіршін бірінші рет мектеп табалдырығын аттады, бұл балалар жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша білім алады. Бірінші сыныптар мұғалімдерінің барлығы арнайы дайындықтан өтті. Білім беру үрдісі 2013 енгізілген заманауи электрондық оқыту жүйесі бойынша өз жалғасын табады. Ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқытылады. Сонымен қатар, үштілдідік саясатын жүзеге асыру мақсатында, эксперимент ретінде ағымдағы оқу жылында орыс тілінде оқытылатын 8 сыныптарда химия сабағы ағылшын тілінде оқытылмақшы. Кейінгі бірнеше жыл бойы қазақ тілінде оқытылатын 6 сыныпта география сабағы қосымша факультативтік пән рәтінде ағылшын тілінде жүргізіліп келеді.
– Педагогтардың педагогикалық дағдыларын дамыту жолында қандай шаралар пайдаланасыздар?
Әр оқу жылында алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес мұғалімдер біліктілік курстарынан өтеді. Мектептің ғылыми-әдістемелік жоспары белгілі бір модуль бойынша әзірленіп, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін, біліктілігін аттыруға, өзін-өзі дамытып, жеке қабілеттерін жетілдіруге негізделеді. Мектебіміздің ұстаздары пәндік апталықтарда, әр түрлі деңгейдегі әдістемелік семинарлар мен практикумдарға, консилиумдарға қатысады. Сонымен қатар, деңгейлік курстар аяқтаған мұғалімдердің аудандық деңгейдегі жүйелік қауымдастықтың жұмысына белсенді қатысуы, республикалық деңгейдегі басылымдарда мақалалар жариялауы, халықаралық инновациялар Жәрмеңкесіне авторлық жобалармен қатысуы, сонымен қатар, оқушылардың зерттеушілік жұмыстарына жетекшілік жасауы мұғалімдердің педагогикалық дағдыларын дамытудың бірден бір тиімді жолдары деп есептеймін.
– Хоббиыңыз қандай?
Негізгі жұмыстан бос уақытым соншалықты көп емес. Дегенмен, орайы келгенде отбасыммен табиғатта демаламын. Бос уақытымда қазақтың қара домбырасын шерткенді ұнатамын. Мектептегі мұғалімдерден құралған волейбол командасының капитанымын.
– Қазақстан азаматы ретіндегі арманыңыз қандай?
Қазақстан азаматы ретінде келешегіміз – келісті, қадамымыз – қарышты, егемендігі мен Тәуелсіздігі мәңгі елде ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болса екен деймін. Мен оған сенемін, себебі тұлғаның дамуына елімізде барлық жағдайлар жасалған. Еліміз бен жерімізді Жаратқан иеміз сақтап, барлық бастамаларымызды қолдасын. Еліміздің даңқын одан әрі асқақтатуға үлесімізді қосатынымыз – сөзсіз.
Медина РЕЙ,
Бас редактор