Қазіргі таңда балалардың жоғары агрессивтілігі дәрігерлер, педагогтер мен психологтар үшін ғана емес, сонымен бірге тұтас қоғам үшін де негізгі проблемалардың бірі болып отыр. Бұл көптеген жағымсыз факторлар: балалардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы нашарлауынан; отбасылық тәрбие дағдарысынан; мектептің балалардың жүйке-психикалық жағдайына көңіл аудармауынан; баланың миына зақым келу түрінде орын алып отыр.
Агрессивтілік латынша «шабуылдау, қауіп тудыру» – агрессивті мінез-құлыққа апарар ниет, жағдай. Агрессивті жағдай ашу, жаулық, жеккөрушілік сияқты эмоциялар арқылы көрініс табады. Өзге адамға залал келтіру: балағаттау, қорлау, төбелесу, ұрып-соғу, т.б. түрінде көрініс береді.
Балаларда агрессияның болу себептері бала өсіп келе жатқан отбасының өзі агрессивті мінез-құлыққа бейім болуы және осындай көріністі бала санасында берік орнықтыруы мүмкін. Кейбір ата-аналар екіжүзділікке бейім болады, сөз жүзінде олар балаларында агрессияның байқалуына қарсы, оларды қайырымды әрі жуас етіп тәрбиелегісі келеді, сонымен бірге олар төбелеске қорықпай кірісіп кету немесе басқа да жымысқы жолдармен мәжбүрлеу арқылы құрдастарымен арасындағы проблемасын өзі шешуге тырысқан балаларына сүйсініс танытады.
Екіншіден, балалар агрессияшыл мінез-құлыққа құрдастарымен қарым-қатынасы барысында үйренуі мүмкін. Мектепке дейінгі жастағы балалардың көпшілігі үшін күш басымдығына табыну үлкен орын алады, әсіресе ұлдар балалар қоғамдастығынгда демократиялық деп атауға келмейтін қасиетке ие болуды армандайды. Демек, кім күшті болса, ол бәрін де жасай алады – балабақша сәбилерін бақылағанда көруге болатын принцип осындай.
Үшіншіден, агрессиялылыққа үйрететін үлгі шынайы адамдар емес, шығармашылық туындылары да болуы мүмкін. Теледидар, монитор экрандары мен кітап беттеріндегі агрессия мен зорлық – зомбылық кішкентай көрермендерді кез келген уақытта құрылымсыз, қатал, бірақ жанжалды шешудің өте тиімді тәсіліне бой ұруға жетелейтіні күмәнсіз нәрсе. Сондықтан да балаңыздың не көріп, не оқып, қалай ойнайтынына назар аударған артық болмайды.
Агрессивті балаларға жоғары мазасыздық, өзін ешкімге керексіз сезіну, айналағыларды әділетсіз санау және өзін тең санамау, көбіне кем санау тән болады. Агрессивті балаға көмектескісі келетін ата-анасы ретінде сізге ең бірінші керегі балаға шынайы іштарту, оны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның ішкі әлеміне қызығушылық таныту, сезімі мен мінез-құлық дәлелдеріне түсіністікпен қарау. Баланың жетістіктеріне және оның қиындықты жеңуіндегі табыстарына көбірек көңілін аударыңыз. Қысқасын айтқанда, ұл немесе қыз балаға өзін-өзі сыйлау мен өзін-өзі дұрыс бағалай білуін қайтару үшін қолдан келгеннің барлығын жасау керек.
Агресивті мінез құлықты түзету – дамыту жұмыстары үшін ата-ана агрессиялық мінез-құлқы бар балаларға аса көңіл бөлу керек. Мұнда баланың мінез-құлқын жете түсіну. Балаға қолдау көрсету. Баланың жасағанына өзі ой жүгірту арқылы мінез-құлқын түзете алады. Қолайсыз жағдайдан арылу үшін, қысым жасау – баланың әрекеттері мен қылықтарына қатаң тыйым салу кері әсерін береді. Керісінше жағымды нәрсеге көңіл аудару – назарды ашу, агрессия, ыза немесе реніш тудырған субьектіден баланың өзінің немесе басқа обьектінің, басқа адамның, жануардың, заттың, т.б. жағымды жақтарына аудару. Бұл әдістің мақсаты – баланы өзін-өзі билеуге, реттеуге, бақылауға, сыртқы әсер мен ішкі жағдайы және тәртіп түрі арасында тепе-теңдік орнатуға үйретеді.
Агрессивті мінез-құлықты балаға кеңес беру арқылы агрессия деңгейін азайту үшін спорт секциялары мен қызығушылықтары бойынша үйірмелерге қатыстыру, балаға деген махаббатын үнемі білдіріп отыру, орындалмайтын уәде бермеуге тырысу және тыныс алу жаттығуларын орындау, балаға уақытты аямау, үнемі ақыл-кеңес беріп отыру, уақытылы тыңдау, түсіне білу, әр жұмысына көмектесіп, сенім білдіру, үнемі мейірімді болу, терең тыныс алу және тыныс шығару – ашу, уайым, қорқыныш жағдайын реттеуге өте тиімді нәрсе.
Агресивті мінез – құлықтың алдын алуға арналған сұхбаттар жүргізу маңызды. Сұхбаттың мақсаты – қажетсіз оқиғаның орын алуына жол бермеу. Агрессивті мінез-құлықтың салдары қандай болатынын нақты мысал арқылы көрсету. Бойға жиналған агрессиядан арылу үшін табиғат аясына шығып, бар дауыспен айғайлауға болады. Жапон компанияларында адамдар жансыз заттарға ұрысу, ұру арқылы ашуын сыртқа шығарып алатын арнайы бөлмелер болады. Агрессивті баламен сөйлескен кезде сабырлы, салмақты, жұмсақ, төзімді болып, сыртқы түрімен қамқоршысының жан дүниесін түсінетінін байқатуы тиіс. Баланың тек жақсы жақтарын ғана көріп, оған сенім білдіру. Бала егер өзін осы тұрған бойында жақсы көріп, қадірлейтінін білсе, өзін ұстамды, қолға ала білетін жан ретінде көргісі келетінін түсінсе, мінез-құлқын өзгертеді.
Қорыта айтқанда, агрессивті мінез-құлықты балалардың ата-аналарымен жеке сөйлесе отырып, тығырықтан шығу жолын айтып, баланың қалауын орындауға тырысып, ойын тыңдау. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер баланың егер педагог және ата-ана оны жақсы адам ретінде бағалайтынын түсінген жағдайда өзгеретінін көрсетіп, дамуының жоғары сатысына ұмтылатын болады. Жауапкершілік жүктеу. Өзіне тапсырылған жауапты істі орындай жүре, бала шығармашылықпен айналысады, ал бұл кезде жаман ойлар мен істерден аулақ жүретін болады. Ерік-жігерін қалыптастырады. Ақырында, агрессивтіліктің жағымсыз көріністерімен күресте негізгі фактор болып табылатын нәрсе: сынып жетекшісі, ата-ана мен бала арасында үйлесімді қарым-қатынас орнату – баланың салауатты эмоциялық дамуының басты шарты. Сынып ішінде, топтық іс шаралар кезінде көбірек арластырып, сабақты әр уақытта сұрап, баланың жеке мәселесін ұмыттыруға негіз болатын жеке әңгімелерді жүргізу қажет. Сонда агрессивті мінез-құлқынан өзгеріп өзін қиындықтан алып шығады.
Бралина Назия Ғалымқызы
Алматы қаласы Наурызбай ауданы
«Рахым Сәрсенбин атындағы №192 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагог-психологы