«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Əуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін жұмыс жасаса, еңбек тек еселене береді. Келесі кейіпкеріміз жас болғанымен бес баланың анасы, білім беру саласында аянбай еңбек етіп, балаларға тəлім беруде. Төлен Таңшолпан Аязбекқызы 1993 жылы 1 мамырда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Əкесі Ташқұлов Аязбек Төленұлы аталмыш ауылда 20 жылға жуық уақыт əкімдік қызметін атқарған, анасы Төлешова Гүлмира Есенкелдиевна мектеп директоры лауазымында.
Шынайы педагог – ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Кішкентай Шолпанның бала кезгі арманы 1999 жылы 1 қыркүйекте аталған ауылдың Елшібек батыр атындағы мектебінің табалдырығын аттағаннан басталды.
«Бала кезінде 3 сыныпта шығарма жаздыратын, сол кезде өскенде дипломат боламын деп жазыппын. Бірақ бір жыл өтер-өтпес «Менің арманым» тақырыбында «Ұлағатты ұлы ұстаз боламын» деп шешім қабылдаппын» дейді. Сабақ берген мұғалімдерді періштедей көріп, сол сəттен бастап міндетті түрде ұстаз боламын деп шешті. Мектепте гуманитарлық сабақтарға ерекше қызығушылығы болды жəне сол қызығушылығы өмірлік мамандығына айналғанына қуанышты.
Қазығұрт ауданының «Дарын» мектеп-интернатын аяқтап, қызыл аттестат жəне алтын белгі иегері атанды. Солай 2011 жылы қыркүйек айында 113 баллмен грант жеңіп алып, оқуға түсті. Арада төрт жыл өтіп бакалавр дəрежесін алды. 2020 жылы магистратураға тапсырды. Қазіргі таңда «Педагогика ғылымдарының магистрі». Таңшолпан Аязбкеқызының бүгінгі мақсаты педагогика ғылымдарының докторлық дəрежесін алу.
Таңшолпан ханым, 2015-2017 жылдары «Бағлан» балабақшасы əдіскері жəне ағылшын тілі пəнінің мұғалімі қызметін атқарып, осы лауазымдармен 2017-2019 жылдары
«Аделия» балабақшасына жұмысқа тұрды. 2019 жылдан бастап Ақселеу Сейдімбек атындағы №80 IT мектеп лицейінің ағылшын тілі пəні мұғалімі қызметін атқаруда.
Ұстаз – қасиетті, ұлағатты есім, ұлы тұлға. Шəкірттерін білім нəрімен сусындырып, тəрбие беру, əдемі қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілікке баулуда жəне рухани дамуға қосып жүрген еңбегі орасан. Сондықтан да ол əрдайым қасиетті тұлға болып қалады. Нағыз ұстаз өз шəкіртінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ықыласты оятады. Ұстаздық – мамандықтың ең асылы жəне ең қасиеттісі. «Балалардың кіршіксіз пəк жүздеріне қарағанда бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр төгілгендей əсер аламын. Мен өз мамандығыма құлай ғашықпын. Əрбір іс-шара өткізген сайын, əр сабаққа кірген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін əрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, абырой. Əрбір адам жеткен жетістіктерін мұғалім еңбегінің жемісі, нəтижесі деп білу керек» – дейді Таңшолпан ханым.